Бүгін І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында Халықаралық Театр күніне арналған іс-шара өтті. Мерекелік кеш аясында дәстүрлі “Темірқазық” сыйлығының биылғы лауреаттары марапатталды.
Тобыл театрының төл марапаты осыдан екі жыл бұрын өмірге келген еді. Содан бері жүзден жүйрік шыққандар жеті аталым бойынша анықталып, лауреаттар қатары жыл санап толығып келеді.
Осы жолғы салтанатты іс-шара да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Дәстүрлі думанға театр өнерінің жанашырлары да аз жиналмады. Қалың көрермен сахна шымылдығы түріле салысымен өнер адамдарын ыстық ықыласпен, құрмет-қошеметпен қарсы алды. Актерлар бұл жолы тек әртістік қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, әуелете ән де салды, “ортаның шаңын қағып” би де биледі. Әзіл-қалжыңға толы шағын қойылымдар да көпшіліктің езуін жыйдырмады. Бесаспап өнерпаздарымыз сахна өнерінің сан алуан жанрын паш етті.
Іс-шараның шарықтау шегінде облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов және театр директоры Азамат Чукеев құттықтау лебіздерін жолдап, соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Әуелі басқарма басшысының Алғыс хатына Жібек Үсенова ие болды. Театр директорының Алғыс хаты мен төсбелгісі Жасұлан Ханқожаев, Нұржан Ғалымжанұлы, Айнұр Надырова және Жеңіс Дастеновке табыс етілді. Ал Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың Құрмет грамортасын Ерхан Барақов, Жәнібек Иман, Қуаныш Маратұлы, Әсем Ищанова және Зәуре Сүндет иемденді.
Кезек “Темірқазық-2023” сыйлығына да беріліп, оларды лайықты иелеріне табыс ету құрметі театрдың аға буын артистеріне және басқарма басшысына ұсынылды. Сонымен, “Үздік техникалық қызметкер” номинациясы Ғалия Айқадамоваға бұйырды. “Үздік жауапты қызметкер” аталымын Керімқас Қонқабай жеңіп алды. “Үміт” номинациясы – жас актер Жалғас Туйгунбековтің еншісінде. “Жас толқын” номинациясына Азамат Күшікбай лайық деп танылса, “Көрермен көзайымы” сыйлығын Ақбота Ықыласова олжалады. “Үздік әйел бейнесі” аталымында Айдана Мәжитқызы озып шықса, “Үздік ер бейнесі” номинациясын Мағжан Тұрарбек қанжығалады.
Суреттерді түсірген Талғат Тәжіков