Арқалықтық азамат «Тазалық челленджін» бастады

Арқалықтық азамат «Тазалық челленджін» бастады

Қала тұрғыны Бауыржан Жанпейісов аз уақытта танымалдыққа ие болды. Ол таңнан ерте тұрып, қоқыс жинауды әдетке айналдырған.

Тазалықты алдымен өз үйінің ауласынан бастап, кейін ауқымын кеңейте түскен.

«Балаларыммен саябаққа барсам қоқыс жинап кетемін. Осы әдетім қалмағасын бір ай бойы қоқыс жинау челленджін бастап кеттім. Жұмысымды тикток желісі арқылы жариялап отырамын. Жалпы, мұндай бағыттағы контенттер өзге елдердің тәжірибесінде бар екен. Алайда, оған халық көп ынта таныта қоймайтын сияқты. Ал, бізде қызығушылық басым. Он күнде парақшама 4 мыңға жуық адам тіркелді. Осылайша, бір жағынан қала тазалығына үлес қоссам, екінші жағынан тіркелушілерімінің санын арттырып отырмын.  «Тазалық челленджіне» қосыламын дейтіндер болса, қолдау білдіруге дайынмын. Осы ретте, «Таза Қазақстан!» акциясына атсалыса отырып, баршаны айналасын таза ұстауға шақырамын», – дейді тазалыққа жаны құмар жан.

Осылайша, күн сайынғы тіркелушілерінің санының артуынан шабыт алған азамат бүгінде жинайтын қоқысының көлемін де, оған бөлетін уақытын да көбейте түскен.

Бұған дейін күніне бір сағат қоқыс жинаса, қазір ол уақытты екі сағатақа дейін ұзартқан. Әр тіркелуші үшін бір қоқысты арнайы қоқыс жәшігіне салады. Көптен қолдау болса, қыс мезігіліне дейін қаланы тазалауға әзір.

«Кей тұрғындар ісіме ризашылық білдіріп, «қаржылай қолдау білдірейік» деп те хабарласып жатыр. Алайда, одан өзім бас тартып отырмын. Халықтың қолдауына ие болсам, қар түскенше қаланы жинаймын деп отырмын», – дейді Бауыржан Мирашұлы.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                                Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу