Талдықорған қаласында өткен Тоғызқұмалақтан балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының жекелей чемпионатына Жанкелдин аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атынан бес оқушы қатысып, екеуі жүлдемен оралды.
Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 3 – сынып оқушысы Айлана Айтмағанбетова жарыстың рапид түрінен ІІІ-орын, классика түрінен І-орынды иеленді. Ол барлық қарсыластарын ұтып екі дүркін ҚР жеңімпазы атанып отыр.
Ал Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 4 – сынып оқушысы Наргиз Бақыт жарыстың рапид түрінен бірінші орын алды.
Бұл жарыста еліміздің барлық өңірлерінен ұлттық ойынның шеберлері қатысты. Жанкелдин аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қайрат Айтмағанбетов Наргиз бен Айлана ел біріншілігіне жыл бойы дайындалғанын айтады.
«Наргиз бен Айлана үйірмеге келген екі-үш жылдың айналасында ойынның әдістерін толық меңгеріп алды десем де болады. Осы жарысқа жыл бойы тыңғылықты әзірленіп, Наргиз 11 жасар қыздар арасында 56 қарсыласынан үздік шықты. Айлананың жас шамасында 52 қарсылас болды. Бұл нәтижемен келешекте тоқтап қалмаймыз», – дейді Қайрат Әбдібекұлы.
Жанкелдин ауданы