Тоғызқұмалақтан республикалық турнир мәреге жетті 

Тоғызқұмалақтан республикалық турнир мәреге жетті 

Бүгінде республикалық дәрежеге дейін жеткен Батыржан Кенжетаев атындағы тоғызқұмалақ турнирі жиырма екінші рет өз жалауын көтерді. Онда Астана қаласы мен Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан 82 оқушы бақ сынады.

Батыржан Кенжетаевтың есімі Тобыл-Торғай өңіріне жақсы таныс. Қазан университетінің үздік түлегі ғылым жолында табандылық танытып, тарих қойнауындағы Жәңгір хан жайлы құнды тарихи құжаттарды іздеп тапты. Кейін Қазан қаласында қазақ диаспорасын құрып, ұмытылып бара жатқан қазақ тұлғаларының шоқтығын кандидаттық диссертациясына арқау етті.

Осылайша, отызға қараған шағында шоқ жұлдыздай жарқ еткен бауырларының осы еңбегін ағайынды Кенжетаевтар әулеті кітап қылып шығарды.

“Жастайынан қыршын кеткен бауырымыз кейін Қазан университетінің құрметті мүшесі болды. Оның есімі бүгінде Президент сарайында алтын әріппен жазылуы тұр. Қайтыс болғанына алты жыл өткенде ауылымыздағы Новонежин мектебінің аты берілді. Содан бері Батыржан Кенжетаев атындағы тоғызқұмалақ турнирі өтіп келеді”, – дейді ағасы Батырхан Кенжетаев.

Жарысқа қатысқандардың арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де бар.

Алты жылдан бері осы спорт түріне машықтанып келе жатқан Арлан Дүйсенғалидың арманы – осы деңгейге дейін көтерілу.

“Осы турнирде екінші рет жеңімпаз атанып отырмын. Бұл жолғы жарыс өте ауыр болды. Балалардың былтырғыдан жақсы дайындықпен келгені байқалды”, – дейді Ғафу Қайырбеков атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Арлан Дүйсенғали.

Атап өту керек, бұл жарыста Жанкелдин ауданынан келген Қайрат Айтмағанбетовтің шәкірттері үздік өнер көрсетті.

Қайраттың әкесі Әбдібек Айтмағанбетов кезінде Торғай жерінде осы ұлттық спорттың дамуына үлесін қосқан тұлға. Әке жолын қуған Қайрат та 2017 жылдан бері бапкерлік қызметте.

“Бұл турнирге жылда қатысамыз.Жыл сайын өтіп келе жатқан осы жарыстан біздің балалар тәжірибе жинады. Қаншама ел чемпиондарының түлеп ұшуына себеп болды”, – дейді Қайрат Әбдібекұлы.

Осы жарыста Қайраттың қызы Айлана жасөспірім қыздар арасында чемпион атанып отыр. Айлана осының алдында ғана өткен Талдықорған қаласындағы ел біріншілігінде жеңімпаз атанды. Тоғызқұмалаққа осыдан бес жыл бұрын келген тоғыз жасар Айлана былтыр Қарағанды қаласында өткен чемпионатта да жеңімпаз болғанын айта кетейік.

Батыржан Кенжетаев атындағы турнир Әділет Ниязбек үшін де жарыс тартысты болды.

Әділетке бұл жолы бірыңғай сырттың балалары түсті. Бұған дейін Петропавл қаласынан жүлдемен оралған Әділет Өскемен қаласында да бағын сынап келді.

Аталған турнирде рудныйлық Айдын Жакеев, Б.Майлин ауданынан келген Айдана Мейрамбек, қостанайлық Әмина Садыр да жас аралықтарына қарай жеңімпаз атанды.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Ернұр Әуезхан 

Жаңалықтармен бөлісу