Торғайлық өнерпаздар күй шеруіне шықты

Торғайлық өнерпаздар күй шеруіне шықты

Домбыра күнінде “Топжарған” стадионында 7 түрлі күй ойналды. Ауданның екі жүз өнерпазы “Жастар”, “Тепеңкөк”, “Жеңіс”, “Желдірме”, “Ерке сылқым” және “Әл Қиса” күйлерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Сол күні жыл сайын өткізілетін спартакиада да өтті.

Домбыра күнімен жеріміздің даңқын шығарып жатқан өнерпаздар мен оқушыларды аудан әкімі құттықтап, марапаттады:

“Торғайымызда осындай керемет мереке күні өткізілгеніне шын жүректен қуаныштымыз. Болашағымыз осы өсіп келе жатқан жасөспірімдерімізге байланысты. Өнерпаз аға-апаларының ізімен келе жатқан оқушыларымыз әрі қарай жерімізді дамытып, даңқын көтеріп, бүкіл елге танытады деген ойдамын”, – деді аудан әкімі Шота Оспанов.

Күй шеруі фестивалінің қатысушыларының бірі Ы.Алтынсариын атындағы жалпы білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Мерей Таңатқанқызы. Мерей Болат Хамзин атындағы өнер мектебіне де барып жүр.

“Біз домбыра күніне жыл бойы дайындалдық. 7 күйді нақышана келтіріп орындауға тырыстық. Қолымыздан келді деп ойлаймын”, – дейді Мерей.

Жалпы шеруде 200 домбырашы өнер көрсетсе, соның үшеуі орыс ұлтынан, екеуі татар.

Ал Данияр Надимдің аты татар демесең, жүрегі қазақпын деп соғады. Бала кезінен домбыраға әуестегі нағашыларынан келгенін айтады.

“Барлығы керемет деңгейде өтті. Домбыра күні жазғы спартакиаданың ашылу салтанатымен тұспа-тұс келді. 1500 көрерменнің алдында 7 күйді орындап, ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болдық”, – дейді Данияр.

Жоғарыда атап өткеніміздей ол күні тәңертеңнен бастап әртүрлі спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Волейбол, күрес, дзюдо және тағы да басқа спорт түрлерінен сайыстар өткізілді.

 

Жаңалықтармен бөлісу