Қостанайда қайырымдылық концерт өтті 

Қостанайда қайырымдылық концерт өтті 

Тобыл өңіріндегі Шиндердің отбасында қуаныштың ауылы алыс емес. Алдағы тамыз айында отағасы Кирилл мен жұбайы Рита балалары Янды алып Қытай еліне сапарлайды. Онда үш айға жуық отаға бейімделіп, үш жасар сәбидің өміріне араша боларлық қадамға құлаш сермейді.

Кирилл мен Ританың мамандығы дәрігер. Бір оқу орнының түлектері. Екеуі бір емханаға қызметке орналасып, кейін отау тігеді. Осылайша отбасында Ян өмірге келді. Өкінішке қарай, Янның туа бітті сал ауыруына ұшырағанын кешірек білді.

“Ян өмірге уақытынан ерте келді. Диагнозын кеш біліп, содан апармаған жер қалмады. Қазақстанда ол дертке жасайтын отаны жеті жыл кешеуілдетуге тура келді”, – дейді Кирилл Шин.

Үш жастағы Янның сауығып кетуіне Әйелдер күші альянсы жанындағы “Гендерлік орталық” мүшелері де қолдау көрсетті. Тобыл өңірінің талантты өнерпаздарын жинап, қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Олардың арасында өнер десе алып ұшатын жастар да, кезінде саясат шеңберінде жүрген танымал тұлғалар да болды. Мысалы, Жамал Шәукен БАҚ саласының қызметкері.

Мектеп қабырғасында ән салып, кейін жоғары оқу орынындағы өнер студиясына қатысқан.

“Бес-алты жыл ән айтудан қол үзіп қалдым. Таяуда әріптестерім журналистер мен белгілі тұлғалардың дуэтінен құралған “Екі жұлдыз” байқауына қатысуға ұсыныс жасады. Орындауымыздың сәтті шыққанын айтып бірге сахнаға шыққан Римма Шыңғысқызы хабарласты. Ойламаған жерден қиналған жандарға жәрдемші болғаныма қуаныштымын”, – дейді Жамал Шәукен.

Бұл концертте “Айва” дамыту орталығының тәрбиеленушілері де өнер көрсетті.

Солардың бірі Деля Байжанова бүгінгі концертке қазақтың халық әні “Қамажайды” алып шықты.

“Бұл әнді айту маған оңай болған жоқ. Бәрі жақсы болу үшін анам екеуміз ұзақ дайындалдық”, – дейді кішкентай Деля.

Қатысушылардың арасында халықаралық “Бозторғай”, “Бала даусы” байқауларының жеңімпазы Әбілмансұр Едірес те бар.

Ол биыл Қостанайдағы музыка мектебін аяқтайды. Өнерге жеті жасында әкесі алып келгенін айтады. Торғайдың тумасы “Синяя вечность” әнін нақышына келтіре орындады.

Қайырымдылық концертке қаланың әртүрлі мекеме ұйымдары, бизнес өкілдерімен қатар қарапайым тұрғындар да өз үлестерін қосып, бір жарым миллион теңге қаржы жиналды.

Кирилл Шинге ол сертификатты іс-шараны ұйымдастырған Юлия Бубнова табыс етті.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген Ернұр Әуезхан

Жаңалықтармен бөлісу