Аутизммен ауыратын балаларға деген қамқорлық неге мардымсыз?

Аутизммен ауыратын балаларға деген қамқорлық неге мардымсыз?

Өңірде үнемі күтімді талап ететін аутизмі бар балалардың саны, өкінішке қарай, екі жүзден асып жығылады. Әлеуметтік мәртебе алмағандары кәмелетке толған шақта қоғамнан тыс қалғандай күй кешеді. Себебі біздегі заң шеңбері қоғамның осал тұстарын қорғауға қауқарсыз ба дерсің…
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясы төрағасының орынбасары Николай Арсютин осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін биыл пайдалануға берілген аутизмі бар балалардың орталығында болды. Заманауи технологиямен жабдықталған оқыту кабинеттерімен танысты. Осындай ерекше балаларды қас қақпай бағып-қағып отырған қамқоршы ата-аналар қауымымен жүздесіп, мәселелеріне құлақ асты.

Қостанайдағы ерекше қажеттілігі бар жандардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген «Радуга» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына ширек ғасырға жақындады. Төрағасы Наталья Колоскова осындай диагнозы бар балаларға біз өмір сүріп отырған қоғам толық әлеуметтік мәртебе бере алмай отырғанын айтып шағымданды.

«Науқас баланы бағып-қағу, қаржылай жағдай жасау жалғызілікті отбасыларға оңай емес. Көбі моральдық тұрғыда қиналғаннан жұмысқа шыққысы келеді. Осындай үнемі қарауды талап ететін балаларға әлеуметтік мәртебе әлі күнге толық қарастырылмай келеді. Зерттеу жүргізе келе байқағанымыз, отбасында осындай бала туса, ерлері тастап кетіп жатады. Міне, олардың көбі осылай толық емес отбасында тәрбиеленеді. Көмектесетіндері де бар, әрине, жасыратыны жоқ. Дегенмен барлық күш аналарға түседі. Осындай отбасылардың жағдайы іс жүзінде неге заңдастырылмай тұр?», – деп халық қалаулысының алдына мәселені төтесінен қойды.

Бірлестік өкілдері бұл бастаманы 2008 жылдан бері көтерді. 2010 жылдан бастап, қамқоршы қауым мемлекеттен жәрдемақыларын ала бастады. Оның да реті тағайындалған еңбек өтіліне байланысты есептеліп жүр. Шұғыл талқыға түскен мәселені айтылған жерде қалдырмайтынын депутат та нықтап айтты.

«Егер науқас баланы қарап отырған анасы жұмыс істемесе, сағатына өтемақы төленеді. Мәселені шұғыл қарастыру керек», – деді депутат.

Сәуле Тәукебаева – «Лучики надежда» қоғамдық қорының мүшесі. Өзі жалғызбасты ана. Екі бірдей баласын жеткізіп отыр.

«Менің бір балам он тоғызда. Осыған дейін атасы мен әжесі қарады. Ол кісілер қазір шау тартып, егде жасқа жетті. Осы уақытқа дейін жұмыс істеуіме мүмкіндік болды. Енді ол кісілерде бір мезгіл бала қарауға шама жоқ. Бірыңғай осы баланың қасындамын. Аутизм диагнозына бірінші топты бермейді. Бұл балалардың психикалық жағынан ауытқушылығы бар екенін, өз бетінше жүріп-тұра алмайтынын қоғам неге ескермейтіні түсініксіз», – дейді Сәуле Қарғабайқызы.

Осындай жағдайда баласы он сегіз жастан асқанда емхананың тегін қызметін ала алмайтыны тағы бар.

«17 жасқа дейін дәрумендер алу үшін талдаудан жақсы өтіп келдік. Қазір оның бәрі біз үшін ақылы, тапсыра алмай отырмыз. 18 жастан асқанда науқасына қатысты талдауларды ғана тапсыра алады», – дейді ол.

Қоғамдағы бұл мәселелер қайдан шығып отыр? Оның ара-жігін “Ауыл” париясы мүгедектерді қорғау комиссиясының мүшесі, “Stop autism” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шынар Жалмұхамедова ажыратып берді.

«Алдымен, осы мәртебелердің кімдерге берілетінін заң шеңберінде нақтылап алуымыз керек секілді. Осындай балаларды бағып-қағып жатқан аналардың зейнет жасын бес жылға қысқарту – ең дұрыс шешім. Алайда олардың еңбек өтілі 16 жасқа дейін ғана қорғалатыны –бұлыңғырлау тұсы. Демек, 18-ден кейін қорғалмайды. Оның сыры, осы бағыттағы әр сала жол карталарын өз беттерінше жасап келе жатыр. Бұл орталықпен тікелей жұмыс жүргізетін білім, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау саласын алыңыз. Олар норма сәйкес келмесе, бір-біріне сілтейді. Осыны бір жүйеге келтіріп, қаржыландыруға жағдай жасалса, бәрі реттелер еді», – дейді Шынар Жалмұхамедова.

Демек, бұл мекеме қызметкерлеріне қойылатын талап жан-жақты – педагог ретінде біліктілікті арттырады, тәрбиеші немесе медбике ретінде санитарлық нормалардан өтеді, әлеуметтік қызметкер ретінде есеп береді.

Екіншіден, бұл орталық он сегіз жасқа дейінгі балаларға арналған. Он сегізден асқандарға ешқандай бағдарлама қарастырылмаған. Бұл балалардың қамқоршыларына тағайындалған жәрдемақы кірісі де ипотека аларда табысқа кірмейді. Осы тұста жанашыр жандар мен аналар қауымы жарымжан жандардың ертеңгі жағдайына алаңдаулы. Сонда он сегіз жастан кейінгі ол жеткіншектердің тағдыры қалай болмақ? Жұмысқа қабілетсіз, оқу-тоқуы жоқ, ата-анасының қарауынсыз олар қайда барады?

«Солнышко-Карим» қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Нұрмағамбетова қаламызда осындай ересек балаларға арналған спорт залдардың мүлде жоқ екенін де айтты.
«Әуелде мемлекет қарауына беруге шешім қабылданған бос ғимараттар баршылық. Солардың орнына саламатты өмір салтын қалыптастыруға жұмыс істейтін нысандар салынса игі еді», – дейді Жанна Нұрмағамбетова.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу