Қарабалық ауданында “Таза Қазақстан” акциясына 300-ден артық адам қатысты

Қарабалық ауданында “Таза Қазақстан” акциясына 300-ден артық адам қатысты

Қарабалық ауданында жалпыреспубликалық «Таза Қазақстан» акциясына 40-тан астам мекеме және еңбек ұжымдары қатысты.

Еңбек ұжымдары, аудан жастары мен құқық саласының қызметкерлері бекітілген аумақтарда абаттандыру, тазалау, шөп шабу жұмыстарымен айналысты.
Аудан орталығы мен ауылдық окрутерде аталмыш акция аясында апта сайын сенбіліктер өтіп тұрады. «Жастар таза Қазақстан үшін» флешмобына аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, жастар ресурстық орталығы еріктілері мен жастар еңбек жасағы өкілдері белсенді қатысты.

Акция аясында Тоғызақ өзенінің жағалауы 4 км бойы және жағажай қоқыстан тазартылды. Сонымен бөгет айналасының аумағы қалыпқа келтірілді. Жастар «Өлкемізді таза сақтайық», «Біз таза ел үшін!» ұрандарымен тұрғындарға үндеу жолдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанымыз таза болуы тиіс және біз елімізді мақтан тұтынуымыз керек, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет», – деп атап өткен болатын. Акция белсенділері осы сөзді ту еткенін айтады.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында жеке құрам тұрақты негізде экологиялық акцияларға, сенбіліктерге қатысады. Еріктілермен және жастар еңбек жасағымен бірге Тоғызақ өзенінің жағалау аймағын тазарттық. Барлық тұрғындардан осы акцияға белсенді қатысуын сұраймыз, – дейді Қарабалық аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығы, азаматтық қорғау капитаны Тастемір Қосқұлақов.

Ал Мәдина Демес еріктілермен бірге қатарға қосылыпты.

– Біз Президенттің бастамасын қуана қолдап, қоғамдық маңызы бар жобаға белсенді қатысамыз. Біз ауылдарымыз бен аудан орталығын тиісті таза болуын қалаймыз. Әрбір қоғамдық кеңістік пен саябақтарды назардан тыс қалдырмаймыз. Бұл – біздің туған өлкеміз алдындағы перзенттік борышымыз, – дейді ерікті.

Аудан жастары үшін бұл акция жыл сайынғы дәстүрге айналды. Жастардың су қоймаларының жағалауын тазалауы еріктілер мен аудан тұрғындары арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, аға буынмен байланыс орнатуға және акцияға қатысатын еңбек ұжымдарының өкілдерімен ұйымшылдық сезімін қалыптастыруға ықпал ететіні анық.

Нәтижесінде маңызы зор патриоттық акцияға жаппай қатысу қоғамның бірлігіне ықпал етіп, халықты игі істерге жұмылдыруына мол септігін тигізеді.

Жаңалықтармен бөлісу