Депутаттар ауқымды жобалармен танысты

Депутаттар ауқымды жобалармен танысты

Арқалыққа арнайы жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл келді.

Халық қалаулылары өңірге сапарында қалада қолға алынып жатқан бірқатар ауқымды жобалардың атқарылу барысымен танысты. Мәжілістің қос депутаты алғашқы кезекте қала іргесіндегі Северный кентінде екі жылдан бері жыры бітпей жатқан су құбыры және нөсерлі кәріз құбырларының жүзеге асу жай-жапсарына қанықты.

Қала әкімі Әмірхан Асанов айтып өткендей мердігерлердің жұмысқа ұсынақсыздығынан кент тұрғындары көктем мен күзде балшыққа белшесінен батып, көп зардап шегуде. Биылғы көктемгі қар суынан келген мол шығын да осы келеңсіз істердің кесірінен деуге болады. Құрылыс компаниялары міндеттемелерін уақытылы орындамауына байланысты сот процестері де жүріп, құрылыстың аяқталу мерзімі сағызша созылуда. Міне, шаруаға қолайлы жаз айлары басталғанымен әлі күнге бір метр кәріз құбыры төселмеген.

Бастапқыда «Монолит» ЖШС деп аталатын мердігер бастап аяқсыз қалдырған жобаны қазір «Көлсай строй» ЖШС қолға алған. Мердігердің айтуынша құрылыс материалдарының болмауынан жұмыс кешеуілдеген, қазір жеткізілу үстінде.

«Бастаймыз, жүргіземіз, аяқтаймыз», – деп уәдесін берді.

Мәжіліс депутаттары елімізде құрылысқа қатысты жаңа заң жүйесі күшіне енгелі жатқанын, келешекте жосықсыз мердігерлердің қатаң жауапқа тартылатынын жеткізді.

Есесіне, қалада су тасқынынан зардап шеккендерге арналып тұрғызылып жатқан елу пәтерлі үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Қабырғалары қаланып, ішкі – сыртқы жұмыстары да басталып кеткен. «Тұмар» деп аталатын жаңа тұрғын үй кешенін салушы «Базис – А» компаниясы құрылыс нысанының басқарма басшысы Антон Борисов үйді жоспарға сай, яғни алдағы қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беретіндіктерін айтты.

Келесі кезекте қалада жаңадан бой көтеріп жатқан 300 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы назарға алынды. Бұл құрылысты да жергілікті мердігер «Алюминқұрылыс» ЖШС – нің бас басқарма басшысы Абай Мұқанов жаңа оқу жылының басталуына дейін аяқтап бергелі отырғандарын алға тартты. Құрылыс материалдары, күш-көлік жеткілікті.

Халық қалаулылары өзге де нысандарға ат басын тіреп, көктемгі табиғи апаттан кейін қоныс тойларын тойлап жатқан тұрғындардың да үйлерінде болып, қуаныштарын бөлісті.

Төтенше жағдайдан зардап шеккендердің бірі – «Новый» кентінің тұрғыны Назгүл Асылбекова тұруға жарамсыз болып қалған үйінің орнына үкіметтен үш бөлмелі пәтер беріліп, қуаныштан отбасымен арқа-жарқа болып жатқандықтарын тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа айрықша алғысымды білдіремін. Халықты қиын жағдайда қалдырмай дер кезінде оңтайлы шешім шығарып, соның арқасында барлық көрген қиындықтарымызды ұмытып, жақсы үйге еніп, жайлы тұрмыс кешіп жатырмыз», – дейді көпбалалы ана.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу