Қоқыс мәселесі: ТЖ жариялануы мүмкін

Қоқыс мәселесі: ТЖ жариялануы мүмкін

Қостанайда қатты тұрмыстық қалдықтар мен қоқысты шығару қордалы мәселеге айналып барады. Соңғы айларда тұрғындар шағымы тіпті жиілеп кетті. Қала әкімі Марат Жүндібаев жағдай осылай жалғаса берсе жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін айтты.      

Қалалық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте “Тазалық-2012” ЖШС директоры Александр Кушнир қоқыспен қалай “күресіп” жатқандығы жөнінде баяндап берді. Серіктестік жағдайдың күрделі екенін мойындап отыр. Басты себеп техника жүргізушілері мен адам күшінің жетіспеуі. Қалада кәсіпорынмен келісім шартқа отырмаған адам саны да 50 мыңнан асып жығылады. Яғни, қоқысқа ақша төлемей, тегін шығарып отыр.

 “Статистика дерегіне сүйенсек, биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша қалада 268 910-нан астам адам тұрады. Ал коммуналдық қалдықтарды жинау, әкету және көму бойынша қызметтерді көрсететін шартта адам саны – 216 479. Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап 2024 жылға дейін Қонай шағын ауданынан жалпы саны 15 305 пәтер болатын 162 үй қосылды. Екінші мәселе, 2020 жылы жеке сектор тұрғындары полигонға 20 000 текше метрден астам қатты тұрмыстық қалдықты шығарған еді. Ал өткен жылы тек 7 мың ғана, қалған 13 мыңы қайда кетті? Яғни, тұрғындар қатты тұрмыстық қалдықтарды үйлерінің жанындағы қоқыс алаңдарына төгеді деген сөз”, – деді серіктестік директоры.

Александр Кушнирдің айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтарды полигонға шығару серіктестік тарифіне кірмейді. Бірақ, серіктестіктің ҚТҚ-ды тазартуына тура келіп жүр.

Марат Жүндібаев “Тазалық-2012” ЖШС жеке ұйым екенін еске салды. Яғни, тұрғындардың көбі серіктестікті әкімдіктің құрамдас бөлігі деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, Александр Кушнир 2018 жылы кәсіпорынды сатып алу құқығымен басқаруға алған. Келісім-шарт 10 жылға жасалған.

“Қоқысты шығару ісі ақсап тұр. Қаланы қоқыс жайлап барады. Кәсіпорын әкімдікке бағынышты емес, жеке құрылым. Өзіңізге жүктелген міндетті орындай алмай отырсыз, жаман аты маған келіп жатыр. Төрт жылдан соң кәсіпорынның толық иесі атанасыз. Бірақ, қазіргі жағдай өте күрделі. Күзден бастап серіктестік жұмысына шағым толастамай келеді. Тек соңғы бір аптада, ТКШ бөлімі коммуналдық мердігер ұйымдарды тартып, қосымша күш жұмылдырған соң түзеліп келеді. Өткен аптада мердігер ұйымдар 12 техника көмекке берді. Алдағы екі-үш күнде қаланы тазалаймыз, содан кейін таза қалпында ұстап тұру сіздің міндетіңіз. Тариф бойынша өтінімді қарастырамыз. Бюджет есебінен қоқыс шығаруға көмектесеміз. Бірақ, жағдайды еңсере алмасаңыз, айыппұл саламыз. Тіпті күрделене берсе, келісім шартты бұзуды (өз еркімен немесе сот тәртібімен) қарастырамыз. Болмаса, жергілікті маңызы бар ТЖ жариялап, штаб құрамыз. ЖШС-ге өзінің басқа басқарушысын тағайындаймыз.  Қылмыстық жауапкершілікке дейін барып, кәсіпорынды сізден алып қоя аламыз”, – деді Марат Жүндібаев.

Сондай-ақ, қала әкімі тұрғындардан да жауапкершілік түспейтінін ескертті. Бұл ретте полиция бөлімі халықпен қатаң жұмыс жүргізуі керек деді. Яғни, құқық бұзушыларға айыппұл салып, жазалау керек екенін айтты. Қала әкім тұрғындар айыппұл арқалаған соң ғана түзеледі деген сенімде. Жай ескертуден ештеңе шықпайтынын жеткізді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу