Биыл 12 сәуірде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысын өткізді. Президент өңірлердің проблемаларын шешу үшін әкімдіктер жанынан ғылым және технологиялар бойынша кеңестер құруды тапсырған болатын. Осыған орай, облыста жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесу ұйымдастырылды.
Оған ЖОО басшыларымен қатар, ғалымдары, ірі кәсіпорын жекшілері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, мемлекеттік органдар мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері жиналды.
4 маусымда Қостанайда ҚР Президентінің ғылым және инновация мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарияның қатысуымен «Ғылымдағы әйелдер» өңірлік форумы өтіп, онда ғылыми жетістіктер мен әзірлемелер, тәжірибе және білім алмасу мәселелері талқыланды. Бұл форумды ғылыми кеңесті құрудағы алғашқы қадам деуге болады.
Өңіріміз индустриалды-аграрлық өңір. Негізгі салалары – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп. Машина құрастыру өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді. Қазір алты жоғары орны бар, PhD дәрежесі бар профессор-оқытушы – 39, ғылым кандидаттары–270, ғылым докторлары–35. Облыста 84 адам ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асырады. Дегенмен, ЖОО ғылыми бағыттары өз бетінше дербес, көбіне оқу ордалары арасында байланыс жоқтың қасы.
«Болашақ кеңестің міндеттерінің бірі – оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы сапалы интеграция, өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Сондықтан бүгін барлық білім ордаларының әрбірін ашық әңгімеге шақырып отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.
Ғылыми кеңестің негізгі міндеті – өңір индустриясының технологиялық міндеттерін шешуге бағдарланған ұлттық, салалық деңгейлерде ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындау.
Жуырда ғана Парламент Сенатында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң мақұлданды. Бұл ұлттық ғылыми жүйені жетілдіруді, сондай-ақ, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті тиімді үйлестіруді көздейді. Негізгі заң арқылы ғылыми қызмет субъектілері және олардың құқықтары айқындалды. Жас ғалымдарды ынталандыру және ғылыми қызметті қаржыландыру тетіктері де қайта қаралып отыр. Ғылыми-техникалық жетістіктерді коммерцияландыруға арналған түзетулер де қамтылған. Осыған орай, кәсіпкерлерге салықтық және инвестициялық жеңілдіктер беру қарастырылып отыр.
«Өздеріңіз білесіздер, қазір ғылымды қаржыландырудың негізгі көздерінің бірі – нысаналы бағыттар. Яғни, Үкімет жанындағы жоғары ғылыми-техникалық кеңесте талқыланып, түрлі салаларға қаражат бөлінеді. Соңғы жылдары қаржыландыру үш есеге дейін артты. Бұдан былай министрлік тарапынан өңірлердегі мәселелерді шешуге қосымша қаражат көздерін қарастыруға әзірміз. Университеттер, ғылыми мекемелер мен кәсіпорындар арасындағы серіктестіктер орнату мәселелері айқындалып жатса, соны өздеріңізбен бірге талқылап, Ғылым комитеті арқылы Үкіметке ұсынатын боламыз. Мәселен, Қостанайда жұмысын бастағалы отырған ғылыми кеңес өз өңірлеріңіздің ғана емес, өзге де аймақтармен консорциум құруға мүмкіндік береді», – деді отырысқа онлайн қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки.
Кеңес құрылған сәтте оған облыс әкімі жетекшілік ету ұсынылып отыр. Ал аймақ басшысының әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму мәселелері жөніндегі орынбасарлары төрағаның орынбасарлары болады.
Сондай-ақ, оның құрамына ЖОО ректорлары, ғылыми, ғылыми-технологиялық және инновациялық саясатты іске асыруға жауапты басқарма басшылары, Қостанай облысының Кәсіпкерлер Палатасы төрағасы, индустриялық-өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, бизнес өкілдері кіреді деп жоспарланған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ