Олимпиада күніне орай облыстың үздік спортшылары мен бапкерлері марапатталды

Олимпиада күніне орай облыстың үздік спортшылары мен бапкерлері марапатталды

Халықаралық олимпиада комитетінің 1948 жылы өткен 42 сессиясында 23 маусымды “Халықаралық олимпиада күні” ретінде атап өту жөнінде шешім қабылданды. Міне, биыл бұл дәстүр отызыншы рет жалғасын таппақ.

Осы мереке қарсаңында байрақты бәсекелерде елдің атын шығарып жүрген өңірдің үздік спортшылары мен олардың бапкерлері марапатталды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов спорт саласында тер төгіп жүрген майталмандарды халықаралық олимпиада күнімен құттықтады.

“Бұқаралық спортты дамытуға сіздердің үлестеріңіз зор. Ел егемендігін алғаннан бері қарай ел қоржынына жетпістен астам олимпиада медалі түсті. Әсіресе, бокстан жерлестеріміздің ел қоржынына салған жүлделері төбемізді көкке көтергені есімізде. Осы жарық жұлдыздарымыздың жалғасы өздеріңіздің қолдарыңызда. Халықаралық жарыстарда жүлдемен орала береді деген сенімдеміз”, – деді басқарма басшысы.

Сондай болашағынан зор үміт күттіретін жалынды жастардың бірі – жерлесіміз Самалай Ерғалиева.

Ол дзюдо күресінен жастар арасындағы Азия чемпионы, Азия кубогінің иегері.

“Ең алғаш Тобыл стансасында спортқа қадам бастым. Содан бері еліміздің бірнеше қалалары мен Азия құрлығының жарыстарында бақ сынадым. Бапкерлерімнің ұстанымымен қарапайымдылықты жаныма серік еттім. Жемісі мен жеңісін көріп келеміз”, – дейді Самалай.

Самалай бүгінде Қостанайдағы 23 мектептің жаттығу залында алдағы жарыстарға дайындалуда.

Ал, Константин Өтешевті жеңіл атлетикаға анасы баулыған.

“Спортқа келгеніме көп болмады. Үш-төрт жылдың айналасы ғана. Анам, Оксана оқып жүргенінде желаяқ қыз атаныпты. Кейін спортты қойғанымен де таңда тұрып жүгіруді әдетке айналдырды. Біз ерте тұрып күнде жүгіретінбіз. Бір күні жеңіл атлетика жолына түсуді ұйғардым”, – деп спортқа қалай келгенін еске алады Константин.

Содан бері бір талай белестерді бағындырды. Жуырда Өзбекстанның Ташкент қалаларында жасөспірімдер арасында Азия рекордын жаңартты. Бүгінде жасы жетпістен асса да шәкірт тәрбиелеуді жалғастырып келе жатқан Никилой Чудновский де кезінде сондай желаяқтардың қатарынан болған.

Сонау Башқұрт жерінде туып-өсіп, жастық шағы кеншілер шаһарында өтті. Қостанай, Қарағанды қалаларында оқуын жалғастырып, дегеніне жеткен. Содан бері сүйікті кәсібі балаларды спортқа баулудан қол үзбеген.

“Соңғы жылдары олимпиадалық спорт түрінен өңіріміз, өкінішке қарай, тоқырау үстінде. Мәселен төрт жылда облыстан жазғы олимпиада ойындарына бірде-бір спортшы лицензия алған жоқ. Осы дағдарыстан шығудың жақсы амалы – жастарды физикалық қана емес, психологиялық тұрғыда дайындауымыз қажет. Ол үшін әр бала өздерін болашақ олимпиадашы деп әзірлесе құба-құп”, – дейді ол.

Келешекте әлемдік додаларда, олимпиада ойындарында биіктерден көрінуге үмітті жастардың бірі Жәния Бекмұхамбетова.

Ол үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатын үш рет бағындырған. Халықаралық жарыстардан ел қоржынына жүлде салған.

“Спортшыға тән қасиет – қайсарлық. Бәрі адамның ниетіне байланысты. Жеңіске жету үшін соңына дейін күресу өмірлік қағидам”, – дейді өрімдей қыз.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген Айдын Төлеубай

Жаңалықтармен бөлісу