“Тазалық-2012” серіктестігі өз ісіне неге салғырт қарайды?

“Тазалық-2012” серіктестігі өз ісіне неге салғырт қарайды?

Биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы басталды.  Бұған біздің облыс тұрғындары да жаппай үн қосты. Бұл  бір реттік науқан емес.  Президенттің өзі осылай деді.

Мұндай жұмыстар үнемі жүргізілуі керек. Халықтың экологиялық мәдениетін, табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды арттыру мақсатында қолға алынған іс-шараға ешкім бейжай қарамауы керек.

Рас,  жылда тазалық айлығы басталысымен өңірде сенбіліктер ұйымдастырылады. Бірақ, кей мәселе бәрібір шетін қалып жүр. Мәселен, аулаларда тау-тау боп үйілген қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Қаланың сырты да жайрап жатыр. Көзге қораш көрінеді. Бұл ұсақ-түйек емес. Сондықтан, облыс әкімінің қатысуымен өткен кеңейтілген жиында дәл осы мәселе тағы да талқыға түсті. Әсіресе, рұқсат етілмеген полигондарды тазалау, аулалардың кү-қоқысын уақытылы шығару жағы кемшін.

“Уақыт озған сайын  рұқсат етілмеген полигондар мен қоқыстарға қойылатын талаптар күшейе түседі. Тазалық – табалдырықтан басталады.  Сондықтан,  біз бәріңізді осында жинап отырмыз.  Залда отырғандардың бәрі бұған жедел ден қоюы керек”, – деді Құмар Ақсақалов.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Катарбековтың айтуынша, мемлекет басшысы жариялаған “Таза Қазақстан” акциясына  облыстың мемлекеттік мекемелері, ірі кәсіпорындары мен ұйымдары, сондай-ақ, қала, аудан, ауыл тұрғындары  қатысқан. Акция шеңберінде 15 мыңға жуық адам жұмылдырылып, 1450 тоннадан астам қоқыс жиналды. Мәселен, қала сыртындағы “Орман шаруашылығы мекемесі” КММ аумағында және Мичурино, Алтынсарино ауылдары маңындағы автожолдарда үш тоннадан астам  қоқыс жиналды. Бұл аумаққа  күнделікті бақылау қойып,  қоқыстарды тазарту үшін төрт адам бекітілді. Мұндай тәжірибені барлық әкімдік енгізуі керек. Әсіресе, автожолдарды тазалау маңызды.

Кеңесте Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев өз жұмысын жеткілікті деңгейде атқара алмай отырған “Тазалық-2012” ЖШС-ін сын садағына ілді. Өйткені, кейінгі кезде қала тұрғындары тарапынан шағым көбейген.

“Бұл жеңіл-желпі мәселе емес. “Тазалық-2012″ серіктестігі өз ісіне салғырт қарайды. Ал түскен шағымда қисап жоқ. Бұдан әрі қалай жұмыс істеуге болады? Біз мұны алдағы дүйсенбі күні аппараттық кеңесте талқылаймыз”, – деді М.Жүндібаев.

Қоқыс  мәселесін облыс әкімі Құмар Ақсақалов та айналып өткен жоқ.

“Шағымдар неге толастамай тұр? Өйткені, атқарылған жұмыс мардымсыз. Біз бұл мәселені өткен жылы да талқыладық. Одан бері жағдай өзгерген жоқ. Егер кәсіпорын жұмыс істей алмаса, онда оған айыппұл салу керек. басқа жолын көрмей тұрмын.  Қаражат бар, техника, контейнерлер сатып алынды. Енді олар аулаларды таза ұстауға міндетті. Егер қолдарынан келмесе, басқа кәсіпорын құрыңыздар”, – деді Қ.Ақсақалов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу