Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғаумен айналысатын халықаралық ұйым туралы айтты.
Депутаттың сөзінше, ұйым өзіне мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға тікелей ат салысып келеді. Алайда еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі «UPOV» ұйымына мүше болу бойынша бірде бір қадам жасамаған.
«Бүгінде ұйымға 79 мемлекет мүше болып тіркелген. Еуразия континентінен Қазақстан мен Моңғолия мемлекеттері және Африканың кейбір кедей елдері ғана кірмеген. Өнеге аларлық бір мысал келтірейін, Кения мемлекеті осы ұйымға 2018 жылы мүше болып кіріп гүл өсіру саласын дамыта бастады. 2020 жылы осы саланың жылдық табысы 1,1 млрд. доллардан асты. 500 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мемлекетіміз осы «UPOV» ұйымына мүше болмағандықтан шетелдің алдыңғы қатарлы тұқым шығарумен және сатумен айналысатын компаниялары біздің елге тұқым сатуға, инвестиция салып, замануи зертханалар ашуға құлықсыз», – деді ол.