Биыл Мемлекет басшысы Атырау қаласында үшінші ұлттық құрылтайды өткізгені белгілі. Жыл сайын өтетін басқосу азаматтық қоғамның пікірлерін жинақтап көп талқысына салатын салмақты диалог алаңына айналды. Онда айтылған Президент тапсырмалары мен пікірлер туралы ой бөлісуге кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қостанайға келді.
«Ұлттық құрылтай ұлт болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап шешімін іздейтін бірегей алаң, – деп бастады әңгімесін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде. – Кезінде хандарымыз бен билеріміз келелі кеңесте мәселелерді тұтас елдің тарапынан шешкен. Атырауда өткен құрылтайда да салиқалы пікірлер айтылды. Алдыңғы жылы ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алып, киелі Түркістанда жанданған дәстүріміз Атырауда жалғасын тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев идеологиялық бағыт-бағдарымызды айқындап ұлттық құндылықтар төңірегінде өз ойларын, пайымдарын ортаға салды».
Осы ұлттық құрылтайда «мемлекетіміздің ертеңі не болмақ, елімізді жаһандық сын-қатерлерден тұрақты алып шығудың жолдары қандай?» деген сауалдарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты жауап берген еді. Тіл, дін, мәдениет, салт-дәстүр, тарих әр ұлттың басты байлығы тамырымен тұңғиық тереңде жатыр. Сан ғасырлық шежіреміз тасқа қашалды. Өшкенімізді қайта жаңғырту – бабалар алдындағы перзенттік парызымыз. Қазақтың түп-тамыры сонау сақ, ғұндардан басталса, Жошы ұлысының заңды мұрагері саналатын қазақ хандығының тарихымыздан ойып алар орны бөлек.
«Президент болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, дәлелдеуіміз қажет екенін атап өтті. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Ұлттық бірегейлігімізді нығайту негізгі мәселе. Есірткі саудасы, тұрмыстық зорлық зомбылық. Агрессия қоғамның дерті екенін ескерсек, онымен күресу жалғасып жатыр. Қай облысқа бармасақ, осылар алдымыздан шығып отырған жайы бар. Бұл мәселелер бойынша Президенттің нақты тапсырмалары берілді. Үкімет те, Парламент те, облыс және қала әкімдіктері де тиісті шаралар қабылдап отыр. Ең бастысы елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталып, үстемдігін құру қажет. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» ұғымы Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатқаны сөзсіз. Біздің беттеген бағытымыз да таңдаған жолымыз да осы. «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Озық ойлы ұлт» үштағаны біздің ұстанған бағдарымыз», – деді Мәлік Отарбаев.
Римма Ғабдолқызы мәдениет саласына бірнеше жыл басшылық жасап, еңбек сіңірген тұлға. Бүгін де мәдениет қызметкерлерінің мәселесін көтеріп келді.
«Президентіміз ұлттық құрылтайда кітапхана жайлы жақсы айтты. Кітапхана – өмірдің ортасы. Ол жерге ұлтына, дәрежесіне қарамай, кез келген халық келеді. Ал театр адами тұлғамызды қалыптастырса, кітап ой-өрісті кеңейтеді. Музей мен архив өткен тарихымыз. Өнерсіз өмір сүру мүмкін емес. Алайда осы бір құндылықты насихаттаушы мекемелердегі тұлғалардың өте аз жалақы алатындары жанымызға батпайды емес, батады», – деді Римма Ғабдолқызы.
Президент кеңесшісі бұл сауал республикалық деңгейде көтерілуі қажет екенін алға тартты.
«Мәдениет қызметкерлерінің айлығын көтеруіміз керек. Бұл жалпы республика бойынша шешуге тиіс мәселе», – деп кесіп айтты Мемлекет басшысының кеңесшісі.
Ал Қазақстан ассамблеясының жанындағы ақсақалдар кеңесін болашақ ұрпақтың тәрбиесі алаңдатып отыр.
«Ұлттық құрылтайда айтылған ұтымды ойлардың бірі – адам капиталы. Оны қалыптастыру үшін алдымен тәрбиелеу керек. Бүлдіршіндерді тәрбиелеуді кішігірім нәрседен бастамасақ болмайды. Білім беру ордаларындағы үзіліс қоңырауын бірыңғай ұлттық әуендер мен қазақтың күйлеріне айналдырса құба-құп. Балабақшалардағы тәрбие жоспарларына ән-күй сабақтарындағы отаншылдық мазмұндағы әндердің көлемін көбірек қосқан дұрыс болар еді. Ол үшін тәрбиешілдірдің біліктілігін арттыруды тұрақты түрде ұйымдастырып тұру қажет. Осыдан бес жыл бұрын Қазақстан ассамблеясында ұлттану, қазақтану деген жоспар дүниеге келіп еді. Жарты жыл тамаша жұмыс істеп тоқтап қалды. Осы жоба қайтадан іске қосылса осы тәрбие жағынан ұтылмайтынымыз анық», – деді кеңес төрағасы Қалқаман Жақып.
Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали осыдан бес жыл бұрын білім басқармасының жанынан психологиялық қолдау орталығының құрылғанын айтты.
«Биыл ол орталықты «психологиялық қолдау және тәрбие» деп атауын өзгерттік. Сөйтіп екі бағытта жұмыс істей бастады. Сол жерде Amanat партиясымен бірігіп кеңес құрайық», – деді Ринат Мұхаметқали.
Президенттің кеңесшісі осыған ұқсас орталықтардың Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда облыстарында жобаларын сәтті жүзеге асырып жатқандарын алға тартты.
«Меценаттардың қолдауымен құрылған «Анаға тағзым» атты бұл орталықтар өзге аймақтарға да үлгі деп ойлаймын. Осы тәжірибені басқа облыстарға да енгізген абзал. Онда болашақ ерлі-зайыптыларды өмірге дайындау жұмыстары жүргізіледі. Әуелі басты мәселе олардың денсаулығы екін ескеріп, екі жасты медициналық тексерістен өткізеді. Бастарында баспана болмаса, «Отбасы банкіне» жіберіп кеңес береді. Жұмыспен қамтиды. Сосын барып ұлттық дәстүр бойынша ғұрыптарын жасайды. Онымен қоса ол жақта балалардың тәрбиесімен айналысатын «Адал адам» орталығы жұмыс істейді», – деді Мәлік Отарбаев.
Жазушы Әбутәліп Әмір ауылдағы жол мәселесін көтерді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға келген сапарында: «Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына Арқалыққа барамын», – деген еді. Мемлекет басшысының осы бір қанатты сөзі Торғайдағы ағайынға үлкен серпіліс туғызды. Қазір дайындық басталды. Алайда су тасқыны Торғай өңірін біраз әбігерге салғанын білесіздер. Айтайын дегенім, ұлы тұлғаның туған жері Қызбел мен сүйегі жатқан Бидайықтағы елдің халқының санын сақтап қалсақ. Ол үшін екі ауылдың арасы мен Арқалық-Торғай тас жолын жалғайтын сапалы жол керек», – деп төтесінен қойды.
Жиында қандастарға берілетін квотаны сұранысы жоғары жерлерге көптеп бөлу, педаготардың ұлттық жаңа сапасын қалыптастыру, аймақтағы БАҚ өкілдерінің дәрежесін теңестіру секілді мәселелер де көтерілді. Президент кеңесшісі бұл жерде баспасөзге жаздыруды үгіттемей іске асыру шараларының дұрыс нәтиже бермегенін айтты.
«Соңғы кезеді расымен де қарапайым халық тұрмақ, ұстаздарымыздың өзі газет-журнал оқудан қалып бара жатыр. Одан шығатын жол ұстаздарымыздың ұлттық жаңа сапасын қалыптастырып, үнпарақтан ажырап қалмау», – деп атап өтті Президент кеңесшісі.
Айбек ЖҮЗБАЙ