ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл жұмыс Мемлекет басшысының делдал ұйымдарды, оның ішінде тұтынушыларды электрмен жабдықтау тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды жою жөніндегі Үкіметке берген тапсырмасымен жүзеге асып отыр.
Сөйтіп, тарифті төмендету мүмкіндігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың электр энергиясымен жабдықтау жөніндегі қызметтеріне лицензияны тоқтатқаннан кейін пайда болды.
Нәтижесінде «Костанайский ЭнергоЦентр» ЖШС Қостанай қалалық Табиғи монополияларды реттеу департаментіне заңды тұлғалар үшін электр энергиясына тарифті 1 кВт/сағатына 36,27 теңгеден 34,46 теңгеге дейін (ҚҚС есебінсіз) яғни 5,0%-ға төмендету туралы хабарлама жіберді.
Осылайша, тұтынушылардың (облыстың заңды тұлғалары мен бюджеттік ұйымдарының) реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясын кепілді жеткізушіге («Костанайский ЭнергоЦентр» ЖШС) ауысуы тарифті төмендетудің алғышарты болды. Бұл кепілді жеткізушінің көрсетілетін қызметтерінің көлемін ұлғайтуға, тиісінше тарифті төмендетуіне әсер етті.
Төмендетілген тариф 2024 жылғы 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.