Бүгін еліміздің барлық мешітінде таң ертең құрбан айт намазы оқылды. Қостанай қаласындағы құлшылық үйлері де келушілерге лық толы.
Дін қызметкерлерінің айтуынша, айт мейрамында ағайын туыстың амандығын біліп, жақындарды қуантуға асыққан абзал.
“Рамазан айт өткесін араға екі ай, он күн салып Құрбан айт мейрамы өтеді. Бұл барша мұсылман үшін нысаналы дата деуге болады. Себебі бұл күні адам шаттанып, ерекше ықыласпен жақындарының хабарын біліп, мейраммен құттықтайды. Әуелі күн найза бойына көтерілгенде мешітке келіп, айт намазы оқылады. Биыл облыстағы барлық мешітте айт намазының уақыты 07:00-де оқылды”, – дейді облыстық Аймағанбет қажы мешітінің найб имамы Бақытжан Икрам.
Мешітте құлшылығын өтеп болған мұсылман қауым Тобыл қаласындағы Механизатор 5 мекенжайында орналасқан құрбан шалу рәсімін өткізетін орынға ағылды.
Жиналған халықтың қарасы қалың. Барлығында бір мүдде, ол Алланың разылығын алып, мол сауапқа кенелу.
Сондай шексіз сауапты көздеген жанның бірі — Алтынбек Уалиханұлы. Ол 16 жылдан бері үнемі Құрбан шалып келеді.
“2008 жылы Қостанайға Әулиекөл ауданынан қоныс аударып келдік. Содан бері Алланың разылығы үшін құрбан шалып келеміз. Бастысы ниет. Жылда осы жерге келіп құрбандыққа мал сатып алып, ниет етіп құрбан шаламыз. Қазір бір жақсысы бәрі дайын. Мал да, қасапшы да бар. Бастысы Құдай ниетімізді, шалған құрбанымызды қабыл етсін дейміз”, – дейді Алтынбек Уалиханұлы.
Құрбан — сөзі араб тілінен аударғанда “жақындау” деген мағынаны білдіреді. Пенде мен Жаратушы арасындағы байланыстың нығая түсуіне мол мүмкіндік. “Марал Ишан” мешітінің имамы Бектұрсын Уалиевтің айтуынша, бұл күннің маңызы жоғары.
“Бүгін мұсылман қауым Алла разылығы үшін дене-мүшелері сау малды құрбандыққа шалады. Қой мен ешкінің бір, сиырдың екі, түйенің бес жасқа толғаны құрбандық шартына кіреді. Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша шалынған құрбан малын үшке бөлген абзал. Өзінің бала-шағасына, ағайын-туыс немесе көрші-көлемге, қалған бір бөлігін міндетті түрде мұхтаж жанға таратып беру керек. Жиналған еттің барлығы айттың үшінші күні облыстық орталық мешітте арнайы тізім бойынша таратылады. Ол тізімге мұхтаж жандар, көп балалы отбасылар және сол санаттағы адамдар кіреді”, — дейді Б. Уалиев.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген — Б.БАЙТЕМІР