Имандылық біліммен, ғылыммен толыққаны абзал

Имандылық біліммен, ғылыммен толыққаны абзал

Меккеге жол

 

«Мұсылманның бес парызының бірі – қажылық сапарына бару» дегенді бала кезден естіп өстік. Қажылыққа баратын мұсылман – ерекше: басқа төрт парызын да орындаған, жаны таза, ісі адал, білімі терең, ел алдында абыройлы және өмір көріп, ақыл тоқтатқан адам болуы керек деген сеніміміз берік болды. Содан да болар, жастайымыздан «Меккеге бару – адамға жүктер міндеті мол, кез келген жанның орындауы екіталай сапар» деген түсініктің қалыптасқаны. Ол сапарға барғандардың елге қадірлі болатынын, тек дін мәселесінде емес, ауылдағы үлкенді-кішілі шаруаларды шешуде де жұртшылық «қажы-еке» деп жүгініп, кеңесіне құлақ түріп, айтқан уәжіне тоқтайтынын көріп өсу сенімімізді одан әрі бекіте түскен. Және жүрек түбінде «барсам…» деген арманды ұялатқан.

Соңғы жылдары жиі айтылатын бір әдемі ән бар. Қайырмасында, сірә жас әнші болуы керек, әуезді үнімен «Мен сені Меккеге апарамын» дегені жүректі елжіретеді. Көрмей-білмей сол баланы іштей ұнататындар да көп екен. Әні үшін. Жақсы ән – тәрбие құралы. Сол ән талай ұл-қызға ой салған болар.

Менің балам да намазға жығыл­ға­ным­нан кейін үш жыл бойы сондай тіле­гін айтты. «Ол жаққа баратын адамның дайындығы болуы керек» деп келіспе­дім. Әуелі басқа парыздарды өтеуім керек болды. Сөйтіп, сәті былтыр, жыл соңында түсті.

Топта балалары жіберген бірнеше үлкен кісі бар екен, олардың сапары менен өзгешелеу ұйымдастырылып­ты. Талдықорғандық ерлі-зайыпты кісі­лермен Алматыда таныстық: балалары жолдаманы қолдарына бір күн бұ­рын ғана ұстатыпты. Компания кең­се­сінде «Спорт костюмін алуымыз керек пе?» дегендерінен қайда бара жат­қан­дарын толық білмейтіндерін түсіндім. Түркістандық жұпқа да әкесінің зейнетке шығуына орай баласы тосын сый жасапты. Атыраудан келген екі құ­дағи да балалары жібергенін айтты. «Ке­зінде үлкен қалаларға саяхат жасауға, шипажайларға жолдама сыйлайтын еді… Қазір қажылыққа жіберу сәнге айнал­ған ба?» деген ой сол жерде келді.

Сөйлесе келе жаңа таныстардың кейбіреуі намазға да жығылмағанын, бірақ балалары мемлекеттік қызметте жүрсе де, «түзу жолда» екенін, жұма намаздан қалмайтынын, қажылыққа келіп-кеткенін білдік. Түзу жолда жүргені дұрыс қой, әрине, бірақ… «Намаз оқы­майтындар, қажылыққа бармағандар түзу жолда емес деген ұғымды кім қалып­тастырып жүр екен?» деген ойдың қылаң бергені рас.

 

 

 

Мәдина. Пайғамбар мешіті

 

Меккеге әркім әртүрлі жолмен ке­леді. Түркия арқылы, көршілес араб мемлекеттері арқылы келетіндер көп екен. Біздің сапарымыз Жидда – Мәдина – Мекке бағытымен құрылыпты.

Алматыдан Жидда қаласына ұштық: борт­тағылардың бәрі дерлік – біз сияқты қажылыққа бара жатқандар. Үстеріне киген киімдерінің сапасы, дизайны, асынған сөмкелері әр компанияның әлеуетін байқатады. Неше түрлі киімді көріп, «Елде қажылыққа кісі аттандыратын компаниялар баршылық екен-ау» деп ойладық.

Ұшақтың иллюминаторына үңіліп, көп қарадым. Қанша биік болғанмен, қатпар-қатпар таулар анық көрінді, Жидда қаласына жарты жолдай қалғанда біраз уақыт су үстімен ұштық. Төмендегі көкпеңбек, жұмбақ әлемнің сұлулығына көз тоймай қарай бердім. Ол – Қызыл теңіз екен.

Қонған жерде ондай әсемдік байқал­мады. Гидтің (жолбастаушы) айтуынша, әуежай аймағы осындай, ал орталығы әсем қала көрінеді. Біз онда соқпай, бірден Мәдина қаласына жол тарттық.

Жолбастаушылар – өңкей жас жігіт­тер. Бізді бір қаладан екінші қалаға жет­кізіп, келесі жолбастаушыға табыстап, әрі қарай өз жөндерімен кетіп жатты. Байқауымызша, осы жақта басқа да жұмыстары бар, орныққан, тіпті кей­біреулері отбасыларымен тұратын азаматтар сияқты. Әдепті, елгезек, сабырлы. Бәрі де өз міндеттерін барынша тиянақты атқаруға тырысты.

Басқа сапарластарға қарағанда көбі­рек сұрақ қойған мен шығармын. Әуелі: «Қалқам, мен жазушымын, ғылым кандидатымын. Дін туралы да біраз оқы­дым. Әлі түсінбеген, тіпті күмәнданған тұстарым да бар. Сондықтан реті келгенде сұрап отырайын, сіз маған толық жа­уап беріңіз. Мен жастармен көп кездесетін адаммын, оларға дұрыс ақпарат беруім керек», деп келісіп алдым. Обалы нешік, хал-қадерінше ­жауап беріп отырды. «Апай, оны білмейді екенмін, ұстаздан сұрайын», деген кездері де болды.

Бұлай деуіме бұған дейін, елде жүр­генде тыңдаған уағыздарға кей жағдай­да көңілім толмағандығы себепші. Қан­ша кітап оқығанмен, дін әлеміне енді қадам басқан соң, көкейге қонбайтын әңгіме айтушылардың пікіріне келіспеушілік білдіретіндей деңгейге жеткен жоқ едім. Әрі неге екенін түсінбеймін, бізде имамның айтып отырғанының бәрін дұрыс деп қабылдау қалыптасқан сияқты. Олар да пенде, олар да біреудің идеясын таратады, басқа жаққа бұрады деген ой келмейді-ау. Бірақ өмірде солай болатынын көрсеткен оқиғалар бар емес пе? Сондықтан көкейдегі көп сұраққа бүкіл мұсылман әлемі тәу еткен жерде жауап табамын ба деген үмітім болғаны рас.

Мәдинаға келдік. Бұл жерде Пайғам­барымыздың мешіті бар екені баршаға белгілі. Оған 500 мың адам еркін сыятыны, тағы сонша адам екін­ші қабатында намаз оқитыны туралы оқы­ғанмын. Жолбастаушы күн сәулесінен қорғалған ауласына тағы 1 миллион адам сыятынын айтты. Мешіттің сән-салтанаты көз арбайды. Ауа желдеткіштері жаңа технологиялық құрылғылар қолданыла отырып іске қосылған екен.

Келесі күні бесін намазына бара жат­­қанымызда оң жағымыздан мәйіт са­лынған табытты көтерген топ көрінді. Со­ңынан жүз шамалы ер адам еріп, зікір айтып келеді. Осы жерде тұратын бір кісі қайтыс болған шығар деп ойла­ған­мын. «Соңында қалған ұрпағы мол, бір қауым елдің алдында жүрген адам болды-ау, сірә». Сөйтсем, бұл – қажы­лық­қа келіп, қайтыс болған кісі екен. Артына ергендер – мен ойлағандай туыс­тары емес, олар да қажылыққа кел­ген­дер екенін, өлген адамның жаназа­сына қатысу мол сауап беретінін, әр на­мазда жаназа намазы қоса оқылып оты­ратынын түсіндірді бізге… «Бәсе, намаз біздің намазымыздан неге ұзағырақ десем», деп ойладым мен.

Осы жерде алғаш рет зәмзәм суының дәмін таттық. Ең бастысы, бұл жерге келген әр мұсылманның толқи баратын ­жері – Пайғамбарымыздың басына барып, ­зиярат еттік. Сапарымның мән-маңы­зын да сол жерде ұққандаймын. Мұн­да мүлде басқа әлемді көрдім. Ол әлем­нің шетінде ғана жүргенімді ұқтым…

Бүкіл ислам жұртын ұйытқан азан үнінен кейін бір мезетте сапқа тізілген жұрттың қатарына тұрып, бір мезетте тізе бүгу де адамға ерекше әсер етеді екен. Жүрегім дүрсілдеп, кішкентай кезден бойға сіңген әдетпен қол жайып, ең алдымен заманның тыныштығын, елімнің амандығын тіледім. Бауырларымның, жан-жағымдағы жақсы адамдардың, туыс, дос, сыйлас жандардың бақытты, ғұмырлы болуын, перзент сүюді аңса­ғандар балалы болуын, науқас жандардың емі шипалы болуын… тіледім.

 

 

Ухуд тауы. Қиын сұрақ

 

Ислам тарихын білетіндер Пайғам­бардың Мәдинаға келуі, ол қаланың ислам әлеміндегі екінші қалаға айналуы туралы жақсы біледі. Біз бұрын да естіген едік, қалаға кіргенде жолбастаушы мұнда оқылған бір намаз мың намазға татитыны туралы айта кетті.

Қажылыққа келгендерді міндетті түр­де ертіп апаратын жердің бірі – Құба ме­шітінде болдық. Жолбастаушымыз Пайғамбардың сөзі деп: «Кімде-кім мұн­да 2 рәкәт намаз оқыса, сол адам кіші қа­жы­лық жасағандай сауап алады», деді.

Кейін де осындай салыстыра айтылған «Әл-Ақса мешітіндегі бір намаз бес жүз намазға татиды… Меккедегі бір намаз жүз мың намаздан артық… Қағбаны айналу… Сафа мен Маруаның арасында жеті рет жүгіріп өту…» деген сияқты сөздерді көп естідік. Неге мұндай өлшем қолданылады екен?

Ухуд тауы – пұтқа табынушылармен шайқаста Пайғамбарымыздың әскері жеңіліс тапқан жер. Сол таудың етегінде жер­ленген сақабалардың рухына дұға бағыштаушылардың қарасы көп-ақ. Кө­ліктерден шыға сала төбеге жүгіріп шы­ғып, суретке түсіп жатқандар да аз емес.

Осы жерде мен тағы сұрақ қойдым. «Қай кітап екені есімде жоқ, бірақ мынадай оқиға жазылған. Бір шайқастан әскері ойсырай жеңіліп оралғанда Пайғамбарымыз: «Қаншама адамнан айырылдық. Қаншама әйел жесір, қанша бала жетім қалды. Олардың болашағы не болмақ?» деп қатты күйзеледі. Сосын сарбаздарына: «Жесір қалған әйелдерді балаларымен аласыңдар, 4 әйелге дейін рұқсат» деген шешімін айтады. Менің білгім келгені – біздегі шариғат 4 әйел алуға рұқсат етеді деген осыдан шыққан ба? Әлі үйленбеген жас жігітке мұндай жүк арту дұрыс па?» дедім.

Жолбастаушы: «Апай, мен оны біл­мейді екенмін. Ұстаздан сұрайын», деді. Келесі күні тақап келіп: «Апай, жалпы ондай соғыстар көп болыпты. Әр шай­қастан кейін Пайғамбарымыз осындай шешім шығарып отырыпты, – деді. – Негізі ер адамның 4 әйелінің алғашқысы пәктей алған жары болмақ. Екіншіден, туыстарының бірі қайтса, үшіншіден соғыста шейіт болса, соның бала-шаға­сына ие болуы сауап. Төртіншіден, кембағал боп туған қызға үйлену сауап, ол да Алланың жаратқан пендесі, адамға тән қызық көруге тиіс» деп үкім еткен».

«Жақсы үкім екен, – дедім мен. – Сон­да біздегілер төртеуін де бұралып тұрған жастан алу керек дегенді қайдан шығарып жүр?»

 

 

 

Біз көрген ғажайыптар

 

Бұрын Меккеде болған таңғажайып оқиғалар туралы оқып жүріп, соларға сенер-сенбесімді білмейтінмін. Болады екен. Біз барған кезде де сондай оқиғалар болды.

Ең бастысы – жаңбыр жауғаны! Бұл жақта сирек кездесетін құбылыс. Сон­дықтан мұндағы үшінші күнімізде жаң­быр жауғанын жақсы ырымға балап, қатты қуандық. Жаңбыр нөсерлете жауды әрі суағарлар болмаған соң, жаң­быр суы жиналып, мешіт маңында су то­бықтан келді. Оны елең қылып жатқан ешкім жоқ.

Ал түсте, біз Арафат тауына барып-қайтар жолдағы жаңбыр тіпті ерекше жауып тұрды: анда-санда бүркіп-бүркіп қояды. Тура әтір сепкішпен бүріккен сияқты.

Таңғы таһажуд намазына барғандар бір ғажайыпты айтып келді.

Қағба алаңына кіре алмаған соң, екін­ші қабатта намазын аяқтап, дұғасын оқып отырғанда ерлердің «Аллаһ акбар! Аллаһ акбар!» деген дауыстары қатты шығады. Іле әйелдердің шыңғырғандары естіледі.

Тобымыздағы астаналық Ақерке деген келіншек былай дейді:

«Жұрт жауып тұрған жаңбырға қарамай, Қағбаны айналып жүрген. Әлгі дауыстарды естіп, Қағба жаққа қарасам, тура түбінде бейнебір науадан құйылғандай су құйылып тұр екен, арасынан бір жазулар шыққандай көрін­ді. Толық көре алмадым, арабша «л»-ға ұқсас біреуін байқадым. Көзді ашып-жұмғанша болды.

Намаз аяқталған соң, көзбен көрген күзетшілер әсерленіп бірдеңелерді айтып жатты. Тіл білмеген соң, түсінбе­дік. Ал ол ғажайыпты көргеніне мәз, ай­тып жеткізе алмай, қолын сермелеп, басын ұстап, көзін аспанға тігіп, үздіксіз «Аллалап» тұрды».

Тобымызда тағы бір қызық оқиға болды. Екінші умра күні Түркістаннан келген Қарлығаш есімді келіншектің арқасындағы қапшығынан аяқкиімінің бір сыңары түсіп қалыпты. Он мыңдаған адамның қозғалысы бір сәт тоқтамайды. Олардың екпіні де баяу емес. Іздесе де табылмасы анық екені түсінікті. Сондықтан екпінімізді баяулатпай, Қағбаны айналып жүре бердік. Бірақ ғажабы сол – тағы екі айналым өткенде… аяқкиім тура аяғының астынан шықты.

 

 

Уағыздың салмағы

 

Жолбастаушымыз арамыздағы бір кісінің құрбандық шалып, бізді сол дас­тарқанға шақырып отырғанын, сол жерде ұстазы уағыз айтатынын толқи жеткізді.

Жалпы, біздің жастар пысық екеніне осы сапарда көзім жете түскендей. Меккеде де шаруасын дөңгелентіп отыр­ған азаматтар бар екен, солардың бірінің дәмханасына келдік. Үстерінде қара көй­лек, орамалды баса тартып алып, дас­­тарқанды жайғастырып жүрген қыз-келін­шектерде үн жоқ. Түрлері осы жақта қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген азиялық ұлттардың өкілдеріне ұқсамайтын сияқты. Жолбастаушы­дан сыбырлап: «Мына қыздар қай елдің адам­дары?» деп сұрадым. «Өзіміздің қыз­дар ғой. Осында жұмыс істейді», деді ол.

Шығар кезде асүйге бас сұғып, рахмет айттым. Мәз болып қалды. «Бір сұрағым бар, – дедім сосын. – Өз киімімізбен жүр­сеңдер әлдебір жаза бар ма? Немесе айып­пұл сала ма?» «Жо-оқ, – деді олар күле сөйлеп. – Бәрі солай киінген соң, біз де…» «Олардың салты сондай. Біздің сал­тымызда қара кию – жаманаттың белгісі. Бұлар асылып өліп жатса, сендер де асылып өлесіңдер ме? Айдың-күннің аманында қара жамылып не көрінді?» дедім. Олар үндемеді.

Бұдан кейін басқаша киінер-киінбес – санасына салдым. Айтқандай, өзім қазақы көйлек пен қамзол киіп жүрдім. Ешкім ескерту жасаған жоқ. Қайта жұрттың қызыға қарағанын байқап, ұлттық киі­міміздің әдемілігі үшін марқайып қал­дым. Бар мәселе – жастарымыздың жоқ нәрсеге еліктегіштігінде.

Тамақ желінгеннен кейін жолбас­тау­шымыздың ұстазы уағыз айтты. «Ұстаз» дегенге үлкен кісі ме дегем, жас шама­сы қырықтар шамасындағы азамат екен. Уағызы ұнаған жоқ – біздің елдегі имамдардың сарыны: дінге берілу, намаз оқу, Құран бағыштау… Көп алдында сөз сөйлеу тәжірибесі жетімсіздеу екені көрі­ніп тұр. Мысалдары да қызық. Жүніс пайғамбар туралы аңызды айта келіп: «Міне, дінге сенбеген, намаз оқымаған адамның болашағы жоқ, балық ішіндегі қараңғы қапас сияқты өмірге тап болады» деген тұжырым жасады.

Қайтар жолда жолбастаушымыз қасыма келіп, пікірімді сұрады. Шыным­ды айттым. «Ұстазың болған соң, ештеңе демедім, әйтпесе біраз нәрсе айтуға болар еді. Меселі қайтпасын дедім. Адам­дарға сауаты аз, қарабайыр топ деп қарамау керек. Уағыз айтуға «Көп ішінде мен білгенді білетін, тіпті көбірек білетін жандар бар» деген ұстаныммен келуі керек», дедім. Жол бойы әңгімелесіп, бір-бірімізді түсініп, тарқастық.

 

 

 

Ой салған сапар

 

Осы сапар көп ой түйдірді, көкейде жүрген біраз нәрсені қайта еске түсірді.

Бала кезден Меккеге сапардың қиын­дығы, жауапкершілігі туралы естіп, біліп өстік. Өмір көрген, иманы берік, мұсылмандық шарттарды орындаған адамдар ғана жолға шығатын. Зиярат етудің барлық шартын орындап, «қажы» атанып қайтатын.

Ал қазір ше? Еңбектеген баладан ең­кейген кәріге дейін сонда жүр. Жарай­ды, қарапайым тілмен айтсақ, үлкен кісі­лер «біліп-білмей істеген күнәлары үшін» кешірім сұрауға барды делік. Ал туғанына 5-6 ай болған немесе 3-4 жастағы сәбилерде қандай күнә бар? Намаз оқылып жатқанда шулап жылаған балалардың (сірә, оларды уақытша қал­дыратын жер болуы керек) даусынан жүрегің ауырады.

Сауап туралы көп айтылады ғой, менде тағы бір сұрақ бар: Баласын қасына, тас еденге жатқызып қойып оқылған намаздың сауабы бар ма екен? Сосын, бір-бірін түрткілеп, Сафа мен Маруа тауларының арасында қуаласып ойнап жүрген 10-12 жасар балалар қандай қажы болмақ?

Қажылық сапарына туристік сипат берілуі қажылықтың қадірін түсіріп жібергендей. Қағбаны айналудың өзі­не үлкен дайындық керек екенін, әр қабыр­ғасының қасынан өткенде, әр бұрышын айналғанда айтылатын дұғалар болатынын білмейтіндер де бар сияқты. Ондай­ларды кимелеп, баса-көктеп қасиетті тасқа жетуге, сүюге, алақанын тигізуге ұмтылғанынан танисың.

Еліміздің бірнеше туристік компаниясынан барған топтар жүрді. Бізге қарағанда Өзбекстаннан барушылар көбірек, Қырғызстаннан азырақ сияқты. Бір-бірімізбен жылыұшырай амандасамыз. Бізде оларға қарағанда жастар көбірек. Бұл да – ойландыратын жайт.

Соларға қарап, жыл өткен сайын жұма намазда жастардың қарасы көбе­йіп, сақалды жігіттер мен оранған әйел­дердің жиі ұшыраса бастағаны, тіпті мектептегі балдырған қыздарға орамал тартқыз деген талаптар қойыла бастауы ойға оралды… Осының бәрі бізге – елде, әсіресе жастар арасында дінге бұру ісі қарқынмен жүргізіліп жатқанының белгісіндей көрінді.

Меніңше, Алла Тағаланың исламға дейінгі дәуірдегі надан, сауатсыз халық­тың көзін ашып, оларды өзге елдермен тең етіп дамыту үшін Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) жіберіп, оған «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деген ең алғашқы аятын біржақты, тек намаз оқыту керек деген түсінік қа­лыптастырылған сияқты.

Шын мағынасы одан әлдеқайда тере­ңірек деп ойлаймын. Адамдар көп жина­латын жерлерде уағыз айтуға уақыт бері­леді. Сонда «Оқы!» деген тек «намаз оқу, Құран оқу, дұға бағыштау» деп түсіндіріледі. Біздіңше, мына заманда осыны «білім ал», «ғалым бол» деп тәпсірлеген орынды.

Діни құндылықтардағы мына ұста­ным зайырлы азаматтарға қажетті деп ойлаймыз:

«Ғалымның білімсіз діндардан артық­шылығы толған айдың өзге ұсақ жұл­дыздардан артықшылығы секілді».

«Қиямет күні ғалымдардың сиясы шейіттердің қанымен таразыға тартылады. Сонда ғалымдардың сиясы ауыр басады»…

Жалпы, имандылық біліммен, ғы­лым­мен толыққан сайын қадірі артады.

 

 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,

 

Республикалық аналар

кеңесі төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты

Egemen Qazaqstan

 

 

Жаңалықтармен бөлісу