Тараздан табысты оралды

Тараздан табысты оралды

Жамбыл облысының Тараз қаласындағы«JasSaq» республикалық этно – реалити телевизиялық жобасына Қостанай облысының атынан Арқалық қаласы Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қожахметовпен Родина ауылдық округінің спорт әдіскері Жасұлан Бекболатов қатысып келді.

Республиканың түкпір – түкпірінен келген жастарды Тараз жастар басқарамасы ұжымы күтіп алып, бірінші күні Тараздың тарихи және мәдени жерлеріне экскурсия жасатса,екінші күні Тараз қаласының жанындағы «Жасөркен» елдімекенінде этноауыл құрылып, сол жерде жобаның ашылуы өткізіліп, түсірілім жасалды.

Екі күнге созылған қызықты сайыстарда қатысушылар өз күштерін сынап соңына дейін өз топтарының намысы үшін күресті. Нәтижесінде Арқалық қаласынын барған Жасұлан Бекболатов қатысқан «Сақ» тобы осы жобаның жеңімпазы атанып, ақшалай сыйлық ұтып алды.

Сондай-ақ, жерлесіміз Данияр Қуанышұлы топ капитаны болған «Алаш» тобы осы жобаның екінші орын иегері атанды.

«Ұйымдастырушы тараптан қатысушылардың жататын жері, барлық мезгілдегі ас мәзірлері жоғары деңгейде ұйымдастырылып, келген қонақтардың жақсы көңіл күйде жүруіне қолайлы жағдай туғызды. Әр облыстын келген жастардың үздіктерін таңдап топтарға капитан ретінде тағайындап, қалған қатысушыларды топтарға бөліп берді. Алты  топ құрылып, жігіттер жағы қазақша күрес, ләңгі тебу, командалық арқан тартыс, қой көтеру, дәстүрлі садақ ату, қол күрес сайыстарынан бақ сынасса, аруларымыз сиыр сауу мен көмбе нан пісіру сияқты сайыстарда бақ сынасты. Осындай керемет жобаны ұйымдастырған Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына, жобаға қатысуға ықпал жасаған Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқарамасы, облыстық Жастар орталығы, Арқалық қаласы әкімдігі мен Родина ауылдық округінің әкімдігіне алғыс білдіреміз», – дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қожахметов.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                              Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу