Жай лагерь емес, ұлттық дәстүрді дәріптеген этнолагерь
Қамыстыдағы №2 жалпы білім беретін мектебі жанынан пайдалануға берілген «Мен ауылдамын» сауықтыру этнолагерінің ашылуына қонақтар келіп, семинарға қатысты, қолөнер шеберелерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Ерекшелігі сол, онда демалатын балалар құрақ құрау, қамшы өру секілді халық қолөнерін меңгеріп, ұлттық ойындарды үйренеді.
Туған жердің тау-тасын тереңірек тану үшін өлкедегі тарихи жерлерге саяхат жасайды.
«Бұл – кейінгі буынның ұлтжандылығын арттырып, ұлттық санасын ояту үшін қолға алынған жоба», – дейді ұйымдастырушылар.
Осылайша, №2 Қамысты жалпы білім беретін мектебінің ауласы уақытша этноауылға айналған. Мұнда киіз үйлер тігіліп, «Батырлар», «Қаныш Сәтпаев», «Алаш ауылы» сынды бірнеше ауыл бой көтеріпті.
Өңірге белгілі шеберлер балаларға киіз басып, құрақ құрауды, ұлттық тағам түрлерін әзірлеуді үйретіп жатыр.
“Балалар мына жерде жүн түтіп, жүн сабаудың, асық ойнауды үйренеді. Қазақтың салт-дәстүрлерін, қазақтың негізгі ұлттық ойындарына көбірек көңіл бөлу – біздің мақсатымыз. Арқан тарту, қазақша күрес, ұлттық бағытта үлкен шаралар өткізілді”, – дейді осы мектеп мұғалімі Ақбөбек Жеңісхан.
Этнолагерьде Қамысты ауылының 30 – ға тарта баласы ай жарым тынығып, ата-дәстүрді тереңірек меңгермек.
Бірі асық атып, енді бірі тоғызқұмалақ ойнап, өзгелері боз кілемде иық тірестіруде. Қазақтың әні мен күйін тыңдап, ұлттық киімдердің ерекшелігімен танысып жатыр.
“Мұндағы мақсатымыз – халқымыздың салт-дәстүрлерін оқушыларға көрсете отырып, насихаттау, олардың бойына елжандылықты қалыптастыру, патриоттық сезімдерін арттыру. Тілімізді, ділімізді, дінімізді, ұлттық өнерімізді барлығын бала бойына сіңіріп өсу керек. Сонда ғана біз нағыз қазақты, нағыз елжанды қазақты, ұлттың болашағын көркейтетін ұл мен қызды тәрбиелейміз деп есептеймін”, – дейді №2 Қамысты жалпы білім беретін мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахиля Тәжібаева.
Мұнда «Тарихи тағылым» бағытында әр киіз үйге экскурсия жасады, халық және қолөнер көрмелері ұйымдастырылды. Оқушылар ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық ойындар түрлерін, ұлттық өнерді тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Жас ұрпаққа туған жердің тау-тасын тереңірек таныту үшін алдағы күндері тарихи орындарға арнайы саяхаттар ұйымдастырылмақ.
Айта кету керек, Лисаков қаласы мен Жітіқара қаласынан мұғалімдер арнайы келіп бір күн бойы этно лагерьдің қызығын тамашалады.
Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ студенті
Қамысты ауданы