Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 6 маусым күні кеш батқанда жаңа айдың көрінуіне байланысты зул-хижжа айының басталғанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ арапа күнінің 15 маусымға және Құрбан айттың алғашқы күні 16 маусымға сәйкес келетіні айтылды.
“Осы орайда неліктен Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымнан 16 маусымға ауысқаны жөнінде мәлімдейміз. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі әр жылдың төртінші тоқсанында келер жылдың діни мерекелері мен күндері көрсетілген кесте әзірлейді. Онда хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалады. Сонымен бірге пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертіп отырады”, –деп жазады ҚМДБ ресми сайтында.
Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады. Зул-хижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады.
“Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады”, – дейді ҚМДБ өкілдері. – Осыған орай, маусымның 6-шы кеші жаңа айдың нақты көрінуіне байланысты 7 маусым зул-хижжа айы басталды. Сол себепті жыл басында ескерткеніміздей құрбан айт күні бір күн бері жылжып, 16 маусымға сай келді”.