Бүгін Қостанайда Қазақтың әй-әй ақыны, Халық ақыны, сатирик, журналист, даңқты жерлесіміз Қонысбай Әбілдің туғанына 70 жыл толуына орай републикалық ақындар айтысы өтіп жатыр.
Айтыс аламанына елге есімі танымал ақындар келді. Атап айтқанда, Алматыдан Рүстем Қайыртайұлы мен Шұғайып Сезімхан, қызылордалық майталман Мұхтар Ниязов, Семейден Әсем Ережеқызы, Жамбыл облысынан Мұхтар Қоңарбаев, киелі Түркістаннан Аян Ниязбек, Ақтөбе өңірінен Нұрбол Жауынбаев, Солтүстік Қазақстан облысынан Жарқын Жұпархан қатысып отыр. Өңкей аузымен құс тістеген жыр жүйріктерімен бәсекеге түсіп, Тобыл-Торғай өңірінің намысын қорғауға бел буған ақындар да осал емес. Алашқа аты мәшһүр ақтаңгер Айбек Қалиев бастаған, Батырлан Сағынтаев, Салтанат Өтелбаев, Ғалымгерей Кенжеғозин қостаған өнерпаздар бабы мен бағын сынға салып жатыр.
Тобыл төріндегі жыр-өлең мерекесіне жиналған өнерсүйер қауымның қарасы қалың, көрермен залын лық толтырды. “Қастерлі Қостанай төріндегі айтыс мерекесіне қош келдіңіздер! Аламанға арқау болып отырған Қонысбай ағамыз қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғамыз еді. Міне, бүгін аяулы ақынға арналып өнер кеші өткелі отыр. Айтыскер ақындарымыз ағамыздың тұлғалық бейнесін, халыққа қылған қызметін, артында қалған мол мұрасын жырға қосады деп сенеміз! Ақындарға сәттілік!” — деді құттықтау сөзінде обылс әкімінің орынбасары Ринат Мұхамбетқали. Ақындарға Қазақстанның Халық ақыны Әсия Беркенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Жүрсін Ерман, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәулеткерей Кәпұлы, көкшетаулық танымал ақын Құдайберлі Мырзабеков, айтыстың қайқы қылышы Бауыржан Халиолла, қостанайлық ақын, ҚЖО мүшесі Ақылбек Шаяхмет, ардагер журналист Сейфолла Шайынғазы төрешілік етуде. Айтыс тізгінін атақты айтыс ақыны, ҚЖО мүшесі Аманжол Әлтаев ұстап отыр. Бұл айтыстың басты ерекшелігі — негізгі тақырыптың сыртында, әр жұпқа жеке-дара тақырыптар берілді. Мәселен, алғашқы жұп Айбек Қалиев пен Мұхтар Ниязов қазақтың дара тұлғалары Өзбекәлі Жәнібек пен Еркін Әуелбековті жыр-өлеңге арқау етті. Басқа ақындардың да тіліне сан алуан тақырып тиек болды.
Айта кетейік, жалпы жүлде қоры — 9 млн теңге. Бас жүлде иегері 3 млн теңгені қанжығасына басады. 1-орынға — 2 млн, 2-орынға — 1 млн, 3-орынға 750 000 теңге тағайындалып отыр. Басқа қатысушыларға 300 мың теңгеден беріледі.
Толығырақ ақпаратты аламан айтыс аяқталған соң жазамыз.
Суреттерді түсірген — Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ