Қоныс тойын тойлауға жақын

Қоныс тойын тойлауға жақын

Оразхан Құлахметов Аманкелді ауданы Есір елді мекенінің байырғы тұрғыны. Ата кәсібімен шұғылданып, мал өрістеткен шаруаның жайын биылғы су тасқыны айналып өткен жоқ. Іргесін су шайып, біраз малына шығын келген, үйі су астында қалған.

Бастысы өздері дін аман, отбастары қаз қалпында. Жолдасы Мейрамкүл жергілікті мектепте еден жуушы болып істейді. Шаңырақтарында алтын асықтай Нұрдәулет, Ердәулет атты екі ұл ер жетіп келеді. Аманкелді ауданына іссапармен барған «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы осы Есір ауылына арнайы соғып, жапа шеккен отбасылардың бүгінгі хал-жағдайларымен танысқан болатын.

“Биыл жылдағыдан су бізге қатты келді. Екі тәулікте деңгейі төрт метрге дейін көтерілді. Үш-төрт сағат күттік. Таң бозара Төтенше жағдайлар департаментінің адамдары көмекке келді.Үйдегі бала-шаға мен қалған мал-мүліктерді шығаруға жәрдемдесті”, – дейді Оразхан Саматұлы.

Осылайша құтқарушылар екі бала-шағасымен қауіптің сейілуін ақыр аяғына дейін күтуге бел буған Құлахметовтерді топан судан ең соңында қайықпен аман алып қалды.

Екі бірдей атұстарларымен бүгінде отбасындағы төрт жанға тиісті мемлекеттік жәрдес алып үлгеріпті. Есігінің алдына көмек ретінде киіз үй тігілген. Шаруасын қолдан келгенше ыңғайлап, маңайын ретке келтіріп жатыр. Үйінің іргесінен пеш қалап, бір бөлме салып алған. Бүгінде биесін байлап, қымызын пісіп ата қонысында жаңа үйлерінің салынуын күтіп отыр.

“Бұл ауылда осы шаңырақпен қатар төрт үй зардап шекті. Арыздарын тиісті жеріне түсіріп, жәрдем жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыр басындағы ол отбасыларға арналған тұрғын үйлердің іргетасы қаланып қалды, – дейді Аманкелді селосының әкімі Гаухар Мұратқызы.

Есір елді мекенінде қазір жаңадан екі үйдің құрылысы басталды. Құрылысты жүргізіп жатқан – “Номад строй” компаниясы.Үш бөлмелі екі үйдің әрқайсысы 81 шаршы метрді құрайды. Құрылыс мерзімі шілденің басына дейін жоспарланған. Алайда құрылыс компаниясы жұмысты уақытынан ерте аяқтайтындарына сенімді.

“Бригадамызда тоғыз адам жұмыс істеп жатыр. Қазір іргесін, еденін толық құйып, сыртын бітірдік. Енді ішкі бөліктерін қалауды бастаймыз”, – дейді бригадир Данил Брозе.

Су тартылып, сантехникасы жүргізіледі. Шатыры жабылады. Салынып жатқан құрылыс бастысы үй иелеріне жақын орналасқан. Күн сайын өздері барып, құрылыс барысын қадағалайды. Екінші салынып жатқан үй су тасқынынан жапа шеккен Мұқановтар отбасына тиесілі. Отағасы Сайранбай мен жұбайы Раушан да жұмыссыздар қатарында. Қыздары Нұргүл екінші топтағы мүгедек. Жалғыз ұлдары Ерланнан үміт күтеді.

Мал шығындары өлген жануардың жасына, салмағына, тұқымына қарай әрбір категорияға байланысты тағайындалады. Аманкелді селосының әкімі Гаухар Мұратқызының келтірген деректеріне сүйенсек, аудан бойынша он миллион теңгеге дейін мал шығындарын өндірген отбасылар бар. Құлахметовтер отбасына келсек, он шақты малы суға кеткен. Қазіргі таңда талап арыздарын комиссия құзырына беріп, әділ шешімін күтіп отырған жайы бар.

Бүгінге аудан бойынша табиғи залал келтірілген 162 үй техникалық бақылаудан өтті. 98 тұрғын үй қалпына келтіруге жатпайды. Барлығы 48 жаңа үй құрылысын салуды қажет етеді. 27 үйдің құрылысы басталды. 18 үй Аманкелді ауылында, 3 үй Ағаштыкөл ауылында, 2 үй Қарасу ауылында, 2 үй Есір ауылында, 1 үй Амантоғай ауылында, 1 үй Байғабыл ауылында және 21 тұрғын үйді жеке шаруашылықтарда салу жоспарланып отыр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу