15 наурызда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Сарыкөл ауданы Сорочин ауылдық округінің тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары басшыларымен кездесу өткізген еді. Сол жүздесуде көп ой түйдік, алдымызға бірқатар міндет қойылды.
Жиында ауылшаруашылық тауар өндірушілері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне көбірек тоқталып, жұмысшыларды, ауыл тұрғындарын қолдау туралы да айтты.
Жалпы, бізде қазірдің өзінде әлеуметтік көмек көрсету туралы ереже бар. Соның аясында аудан орталығында төрт мектеп пен екі балабақшаға көмек қолын созамыз. Оларға кез келген мерекеде көмектесеміз. Мәселен, қазақ мектебі ашылғанда жөндеу жұмыстарына үш миллион теңге, сыныптарды жабдықтауға одан да көп қаражат бөлдім. Біз жәрдем сұрағандардан бас тартпаймыз. Қарттар күніне, мүмкіндігі шектеулі жандар күніне, басқа да іс-шаралар мен мерекелерге қаржы бөлеміз. «Мектепке жол» науқанына атсалысамыз. Сонымен қатар, ауданда қоғамдық қор бар, оған барлық тауар өндірушілер елдің қажеттілігіне ақша аударып тұрады.
1997 жылы шаруа қожалығы болып құрылғанда, бізге 400 гектар жер бөлінді. 2007 жылы «Нұр Айгер СК» ЖШС болып қайта құрылып, қосымша жер қосып алдық. Қазір бізде 10 мың гектардан астам жер бар, оның 9 мың гектардан астамы егістік. Биыл бидайдан бөлек, мың гектардан астам жерге зығыр, 1400 гектар бұршақ, 500 гектар қарақұмық егу жоспарланып отыр.
Ашылған жылдары біздің қожалығымызда ештеңе жоқ еді, қазір 18 комбайн бар, оның ішінде өткен жылы үш «Джон Дир» сатып алдық, биыл екі бразилиялық комбайн алуды жоспарлап отырмыз. Бас-аяғы бізде төрт «Джон Дир» егіс кешені, төрт «Кузбасс» егіс кешені, 20 техника, оның ішінде тіркемелерімен 10 жүк көлігі бар. Биыл машина-трактор шеберханасының құрылысын аяқтаймыз.
Бүгінгі таңда базаларымыз, машина алаңы, екі мехток, 11,5 мың тонналық астық сақтайтын бес қойма салдық. Біздің шаруашылықта 49 адам тұрақты жұмыс істейді. Науқан кезінде қосымша 10-15 жұмысшыны жұмысқа аламыз. Айта кету керек, біз бұл көрсеткішті 6-7 жылдан бері ұстап келеміз. Жалақыға келетін болсақ, өткен жылы жалақыны 70-тен 100 пайызға дейін көтердік. Біздің жақсы жұмыс істеген механизаторлар соңғы тазалау кезінде үш миллионға жуық табыс тапты. Сондай-ақ, жыл соңында дәстүрлі түрде Сабантой өткіземіз. Сол кезде де жұмысшыларға қосымша сыйақылар береміз.
Біздің ұжымда көп жылдан бері жұмыс істейтін адамдар бар. Оның сыртында жастарды да жұмыспен қамтып жатырмыз. Жыл сайын екі-үш жас механизаторды қабылдап, оларды оқытамыз.
Жалпы, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, біз алдағы уақытта жұмысшыларға жағдай жасауды жалғастырып, аудан тұрғындарына да қолдан келгенше қол ұшын созатын боламыз.
Серікбай ЖҰМАҒҰЛОВ,
«Нұр-Айгер-СК» ЖШС басшысы