Былтыр күзде Қамыстының орталығында балалар алаңы жабдықталды. Қазір мұнда келіп ойнаушы балалардың қатары артқан. Биыл көктемде алаңның аумағы абаттандырылып, іші-сырты тәртіпке келтірілді.
Аудан әкімі Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, ол бұрын бос жатқан жер. Қазір тәп-тәуір балалардың алаңына айналып отыр.
“Арнайы Астанадан астына төсейтін жасанды жабын, түрлі қазақы нақышта шағын архитектуралық мүсіншелер, көше тренажерлері орнатылды. Тартан және асфальт жабындары төселді, сондай-ақ әткеншектер, карусельдер, құм төселген орындар, ал ересектерге арнап спорттық тренажерлер орнатылды”, – дейді Ерлан Жаулыбаев.
Бұл алаңда қос әткеншек, теңгергіш, карусель және т.б. сияқты ұлттық стиль элементтері бар шағын архитектуралық пішіндер орналасқан.
Шынымен балалардың ойын алаңына айналыпты. Біз барғанда ойнап жүрген жеткіншектерді көзіміз шалды.
“Осындай ойын алаңдары бос уақытымызды өткізуге тиімді. Енді футбол ойнайтын алаң болса.”, – дейді езулеріне күлкі үйірілген балғындар.
Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ студенті
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ