“Түйме қыз — 2024” байқауының жеңімпазы анықталды

“Түйме қыз — 2024” байқауының жеңімпазы анықталды

Аманкелділік бүлдіршіндердің сүйікті байқауына айналған “Түйме қыз” биыл 32-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Күні кеше ғана өткен байқауда бес жасар Аяла Бақытбек жеңімпаз атанды.

“Түйме қыз” ҚР “Мәдениет саласының үздігі” Лиза Мизамбаеваның өміршең байқауларының бірі. Алғаш рет 1992 жылы өткізілген. Сол кездегі Қ. Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінің басшысы Сапарғали Ахметжанов Лиза Таутанқызына арнайы тапсырма береді. Тапсырма бойынша қыз балаларға арналған ерекше мәні мен мағынасы терең сайыс ұйымдастырылу қажет.

“Сапар ағайдың басшы болып тұрған кезіндегі берілген тапсырмасы негізінде бұл байқау өмірге келді. Ағай, маған “Ел сүйсінетін, халық қызығатын жоба ойлап тап, болмаса жұмыстан шық” деп қатты айтты. Содан мен не істерімді білмей басым қатты. Үйдегі теледидарда “Москва” және “Алматы” деген екі канал көрсететін. Бір күні “Москвадан” кішкене қыздардың сән көрсетіп жатқан бағдарламасын қарап жатқан едім. Марқұм анам “Мына түймедей қыздардың қақшаңдауын қарашы” деп таңданысын білдірді. Сол мезетте бірден ой келді. Ауданымызда “Қыз сыны” деген байқау бар. Алайда, кішкентай қыздарға арналған байқау жоқ. Олар бүгін бүлдіршін, ертең божеткен. Содан тәрбиеге басымдылық беретін “Түйме қыз” байқауын ойлап таптым. Жұмыстан да шықпадым, есесіне өміршең байқау болып жылда ұйымдастырылады”, — дейді Л. Мизамбаева.

Тәрбиелік мәні бар байқауға ауданға қарасты ауыл-ауылдық округтан он бір бүлдіршін қатысты. Бәрі де өз өнерлерін көрсетіп, ортаға салды. Бірінші айналымда қара өлеңмен өздерін таныстырса, көрпе жинау мен өз өнерінде де құр алақан емес екендіктерін көрсетті. Ал сән көрсету және басты сайыс болып саналатын түйме қайдауға да ерекше дайындықпен келдіктерін байқатты.

Әділқазылар алқасының шешімі бойынша Аяла Бақытбек “Түйме қыз — 2024” байқауының бас жүлде иегері болды. 5 жас бүлдіршіннің әжесі Бижамал Қалдиқызының айтуынша, жарты айға жуық дайындалған.

“Сайыс өте керемет өтті. Немеремді қолдау үшін Үрпек ауылы Қосжан елді мекенінен келдім. Аяла тұңғыш немерем. Бүгін байқаудан бас жүлдені ұтып алып тұрмыз. Осыған он бес күн дайындалдық. Әсіресе, жетекшісі Қырмызы Уалиеваға рахмет. Күн-түн демей қасымызда болды. Бұл байқау алдағы уақытта бұдан да жоғары халықаралық деңгейге дейін көтеріле берсін”, – дейді жеңімпаздың әжесі Бижамал.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген — Б.БАЙТЕМІР

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу