Сүйінші! Араға көп уақыт салып, дала еркесі керқұлан тарихи отанына қайта оралды. Жануарлар ұзақ жолдан Арқалық әуежайына арнайы әскери ұшақпен жеткізілді.
Керқұлан 1960 жылдардың аяғында табиғаттан мүлде жойылып кеткен, дегенмен оның түрі сақталып қалды. Жабайы жануардың тағы бір атауы – кертағы.Тарихи отанына оралған киелі керқұландардың құрметіне әуежай басында мінбер ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Чехия республикасының елшісі Павол Шепеляк, Прага зообағының директоры Мирослав Бобек және жазушы Қанат Тасыбековтер жылы лебіздерін білдірді.
«Ежелден “кертағы” деп аталған атақты Пржевальский жылқысы өзінің тарихи отанына оралып отыр. Ақындар жырға қосқандай, негізі кертағы қазақтың кең даласынан шыққан. Қақаған қысқы аяздар мен жазғы аптап ыстыққа төзімді, жалына құрық тимеген, мұз дәуірінен бері азияның шексіз жазығын мекендеген жабайы жануар. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында табиғатта жойылып бара жатқан жануарларды сақтап қалу мақсатында теңдессіз шаралар қабылдады. Мәселен, біз бөкеннің санын толығымен қайта қалпына келтірдік. Даламыз мыңдаған құлан мен қарақұйрық табындарына толды. Қазақстандағы барлық таулардың шыңдарынан арқарларды кездестіруге болады. Өзеннің бойындағы тоғайларға бұғылар қайта оралды. Бүгін біз Қазақстан даласының өмір кітабын оның байырғы мекендеушісі кертағымен толықтырып, жабайы табиғатты сақтап қалудың жаңа кезеңін ашамыз», – деп атап өтті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов керқұланның тарихи отанына қайта оралуын тарихи мағынасы зор күн екенін, сондықтан бұл іске атсалысқан елдердің басшылығына, министрліктеріне, елшіліктеріне және осы жобаға белсенді қатысқан азаматтарға алғысын білдірді.
“Біз биліктің, ғалымдардың және бейжай қарамайтын адамдардың бірлескен әрекетінің арқасында Пржевальский тұқымды жылқылары Қостанай облысы фаунасының ажырамас бөлігінеайналады, ал олардың ұрпақтары бізді ғасырлар бойы өзінің сұлулығымен және ұлылығымен қуантады деп сенеміз!” – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс басшысы Арқалық әуежайының жөнделіп қатарға қосылатынын, осылайша Торғай өңірінде туристердің келуіне қолайлы жағдай туғызылатынын қоса кетті. Ал, ата-бабаның көзін көрген асыл текті жануарлардың қайта оралуы баршаның көңіліне ерекше бір қуанышты сезім сыйлап, іс-шара ән-күймен әспеттелді.
Қазақстан мен Чехия мамандарының жемісті ынтымақтастығының арқасында екі республика арасындағы Халықаралық келісім шеңберінде Қостанай облысына (Аманкелді және Жанкелдин аудандарына) осы сирек кездесетін 40 жануар қайта жерсіндірілетін болады. Әзірге, Торғай даласына Пржевальский тұқымды 8 жылқының бірінші партиясы – үш кертағы контейнерге тиеліп, жеткізіліп отыр. Келісім бойынша алда керқұландардың кезекті легі әкеліне бастайды. Жеткізілген жануарлар облыстың оңтүстік өңірі аумағында орналасқан «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына жөнелтілді.
Пржевальский жылқыларын реинтродукциялау – Қазақстанның биоалуантүрлілік қауымдастығының бастамасымен қолға алынғанын айта кеткен жөн.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ