“Әділдік және өркендеу” қорының өкілдері тұрғындармен кездесті 

“Әділдік және өркендеу” қорының өкілдері тұрғындармен кездесті 

Биыл Қостанайда “Әділдік және өркендеу” қоғамдық қорының филиалы құрылған еді. Содан бері атқарылып жатқан жұмыстарының барысын түсіндіру үшін тұрғындармен жолықты.

“Қазақстанның сегіз қаласында қабылдау бөлімдері жұмыс істеп жатыр. Біз партия да, оппозиция да емеспіз. Билік пен бұқара халықтың арасына дәнекер болу үшін құрылдық. Жаңа Қазақстандағы Президенттің реформасын халық пен билік арасында жүзеге асыратын буынға айналғымыз келеді”, – деді қоғамдық қордың Қостанайдағы филиалының төрағасы Амандық Әмірхамзин.

Бүгінде қор мүшелері елімізде ортақ мәселеге айналған МӘМС-тегі келеңсіз жағдайларға ұсыныс жасап, Парламантке тапсырды. “ҚарМет” комбинатында табиғи апатқа ұшыраған еңбек адамдарының құқығын қорғауға күш салып жүр. Бұл келеңсіздіктер қарапайым адамдардың заңды дұрыс білмеуінен болып отыр.

“Бұл жерде бірігіп жұмыс істеген абзал. Заңның дұрыс түсіндірілмеген қайшы тұстары көп. Заңгерлерді тартып, ауылдық жердегі ағайымен біте қайнасуға күш саламыз деп жатырмыз. Үкіметтік емес ұйымдардың бала құқығына келгенде наразылығы бар. Осындай бірікпесек, мәселемізді ешкім келіп шешіп бермейді. Болашақта жеке адамдарға қолдау білдіріп, әлеуметтік мәселелердің ретке келуіне атсалысамыз деген талпынысымыз мол”, – деді қоғамдық қордың мүшесі Абылай Мауданов.

Халықтың қалауына келсек, азір адамдар өркениетке баса назар аударатыны жасырын емес. Сол себепті көбінің ауылдық жерде тұрғысы жоқ.

“Нағыз тіршіліктің қазығы ауылда. Осы тұрғыдан келгенде қаладағы өркениетті ауылға алып келу қажеттігі туындады. Ол жерлерге жағдай жасалса, ауылдан жұрт қоныс аудармайды”, – деді журналист Нәзира Жәрімбет.

“Әділдік және өркендеу” қорының кездесуіне жиналған жұрт осы секілді пікірлерін ортаға салды. Қоғамның қайшы тұстарына наразылықтан гөрі елдің пайдасына жаңаша өзгерістер енгізуді ұсынды.

Жаңалықтармен бөлісу