Арқалықтағы «Мәңгілік алау» алаңынан қуғын-сүргін құрбандарына арналып жаңа монумент бой көтерді. Халыққа қажетті орынның ашылуына қаладағы ардагерлер қауымы ұйтқы болған.
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде қала жұртшылығы монумент алдына жиналып, жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларының рухына бас иді.
Құрбан болғандар үнсіздікпен еске алынып, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров нәубетті жылдардың қазақ халқына орасан зиян келтіргенін, халықтың бетке ұстар тұлғаларының нақақтан қорлық көргенін, ең ақыры өмірін қиғанын айтып, тақсіретті тарихты еске түсірді.
«Бұл күн 1997 жылдан бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып аталып келеді. Бұл күн қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн.
ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мыңдаған жазықсыз жанның қаны мен көз жасына жуылған қатпарлы тарихтың шерлі беттерінің бірі. 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Бүгінгі ұрпақтың борышы — осы жылдары жазықсыз құрбан болған жандардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау»,-деді Түбекбай Әубәкіров.
Митинг барысында саяси қуғын-сүргін құрбаны Тарғын Есбергенұлының ұрпағы Дәулеткерей Шалдыбаев қаралы күндердің қайталанбауына тілекші екенін білдіріп, қалалық Мұхтасиб Әлмұхамед мешітінің бас имамы Нұрхан қажы Бақтыбай зорлық-зомбылық құрбандарына арнап құран бағыштады.ҚР Мәдениет қайраткері Ораз Нұрғали зұлмат құрбаны, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әнін домбырамен нақышына келтіріп орындады.Жиналғандар монументке кезекпен гүл шоқтарын қойып, шерлі жылдарда шейт болған бейкүнә жандардың рухына тағзым етті.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор