АGROMASH зауытында жұмысшылардың балаларына арналып экскурсия өткізілді

АGROMASH зауытында жұмысшылардың балаларына арналып экскурсия өткізілді

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, AGROMASH зауыты қызметкерлерінің балаларына экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсияға зауыт инженерлерінің, конструкторлардың және түрлі цех жұмысшыларының балалары шақырылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері де ауыл шаруашылығы техникасын өндіру процесін көзбен көруге мүмкіндік алды.

«Қызметкерлерден балаларына экскурсия ұйымдастыру туралы өтініштер жиі түсіп тұрады. Біз мүмкіндігінше олардың осы тілегін орындауға тырысамыз. Бұл, бір жағынан, отандық өндірісті, жалпы техникалық мамандықтарды танымал етудің өте тиімді жолы.  Өйткені балалар жұмыстың ауқымын көздерімен көріп, тұтас бір саланы алдарынан жаңа әлем ашылғандай қабылдайды. Осындай іс-шаралардың арқасында балалар мектептен бастап, өндіріс саласының Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Мұндай кәсіптердің сұранысқа ие екенін біледі, қызығушылықтары оянады»,  – дейді кадр басқармасыныңбасшысы Рүстем ТІЛЕУБАЕВ.

Өндіріс орнын аралау қауіпсіздік шараларынан басталды. Кейін зауыт қызметкерлері кішкентай қонақтарға барлық өндірістік учаскені көрсетті. Жабдықтардың ерекшеліктері мен өндірістің негізгі салалары туралы сұрақтарға жауап берді.

«Бүгін менің кішкентай арманым орындалды. Ауылда атам мен әжеме демалуға барғанда AGROMASH зауытында шығарылған комбайндар мен тракторларды жиі көремін. Сонда үнемі бұл техниканы менің әкем жасайтынын мақтанышпен айтамын. Енді оларға әкемнің жұмысы туралы көп нәрсеайта алмақпын», – дейді 12 жасар Мерей МІНАЙДАР.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экскурсиялардың тағы бір маңызды ерекшелігі – ұрпақтар сабақтастығына әсер етуі.

«Кәсіпорынның жетістігін оның жұмысшыларына қарап бағалауына болады. Біз өз командамызды мақтан тұтамыз, өйткені олардың білім-білігі жоғары деңгейде. Әрқайсымыз үйге барғанда балаларымыз түрлі сұрақ қояды. Көргісі, білгісі келеді. Зауыт қабырғасында бірнеше әулет жұмыс істейді. Мен мұнда 2005 жылдан бері жұмысістеп келемін, кейін қызым ізімді қуып, осы жерге қызметке орналасты. Қазір оның кішкентай ұлы бар. Кім біледі, мүмкін ол да болашағын өндіріспен байланыстыратын шығар? Сондықтан өскелең ұрпаққа да өндіріс саласын таныстыратын уақыт келді. Бүгінгі қонақтар келесі буынның өкілдері болуы мүмкін», – дейді металлургия цехының шебері Иван БЕЛЯЕВ.

Андрей Самохин 12 жыл бойы AGROMASH зауытында жұмыс істейді. Оның айтуынша, қызы көптен бері жұмыс орнын көрсетуді сұрап жүрген екен.

“Жүз рет естігеннен бір рет көрген жақсы” дегендей, беделді зауытымызда қазір не өндірілетіні барлығына мәлім емес. Менің қызым зауытты мүлдем басқаша елестетіп жүргенін, енді ғана көп нәрсеге көзі жетіп, таң қалып отырғанын айтады. Мерекені тиімді өткізуге және, ең алдымен, балаларымызға заманауи зауыттың ішкі жұмысын таныстыруға және ата-аналарының қызметін көрсетуге тамаша мүмкіндік туды», – деп бөлісті Андрей САМОХИН.

Ең бастысы, балалардың таңданыстан балбұл жайнаған көздері мен әсерленген сөздері атан-аналарын да қуанышқа бөледі. Олардың әрқайсысы ұмытылмас әсермен қоса, естелік сыйлықтарға да ие болды. Зауыт қызметкерлері балалардың көбі болашақта Қазақстан өнеркәсібінің дамуына үлес қосарына сенімді.

Жаңалықтармен бөлісу