Қостанайда қуғын-сүргін құрбандары жаппай жерленген орындар табылды

Қостанайда қуғын-сүргін құрбандары жаппай жерленген орындар табылды

31 мамыр – саяси  қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қазақстанда атақты АЛЖИР, КарЛагтан басқа белгісіз лагерьлер табылып отыр. Ал Қостанайда қуғын-сүргін құрбандарын жаппай жерлеген орындар белгілі болды. Бізге бұл туралы тарихшы ғалым Серікжан Ысмайылов айтып берді.

Осыдан төрт жыл бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлық бойынша елімізде өңірлік комиссиялар құрылды. Үш жылдан бері оған он мыңнан астам адамның тізімі жіберілген. Алдағы уақытта бұл құжаттар әлі де қаралып, ақтау шаралары жалғаспақ.

Облыстық комиссияның құрамына көптеген тарихшы кіріп, елеулі еңбек етті. Олардың арасында Серікжан Сағындықұлы, Айдар Абайұлы, Әлібек Табулдинов сияқты белгілі зерттеушілер бар.

«Бірнеше архив құжаты сараланып, репрессия құрбандарына қатысты мәліметтерді іздестірдік. Аудандық архивтермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік архивіндегі көнерген құжаттарды аударыстырдық», – дейді тарихшы, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ жанынан ашылған жобалық кеңсенің жетекшісі Серікжан Ысмайылов.

Серікжан Сағындықұлы 2022 жылдың басында осы үшін Мәскеу қаласына арнайы барған. Тынымсыз іздене жүріп, ондағы мемлекеттік архивтен жаңа құжаттар тауып алады.

«Қазақ байлары мен орыс кулактарын кәмпескелеу жөніндегі көптеген құжатқа кез болдым. Біздің елге қоныс аударылған өзге ұлт өкілдерінің тізімі де осы жерде анық көрсетілген. Сосын облыс аумағында 1920-1930 жылдар аралығында қаншама көтеріліс болғанын жұрт біле бермейді. Себебі ол жөнінде оқулықтарда жазылмаған. Сайлау құқынан айырылған адамдар туралы дерек әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Біз зерттеулердің нәтижесінде осы кісілердің толық тізімін таптық», – деді зерттеуші ғалым.

Айтпақшы, өзіміздегі Полиция департаментінде ерекше мемлекеттік архив бары көпшілікке беймәлім. Онда соғыста тұтқында болған қазақстандық азаматтардың істері сақтаулы тұр. Заң бойынша, ол істерді жариялауға мемлекеттен тыйым салынған. Алайда олардың саны белгілі – 5619 адам.

«Үш жылдың ішінде мемлекеттік комиссияға он мыңнан астам адамның тізімін жібердік. Оларды қарап, ақтау жұмысы жалғасатын болады. 2021 жылы қазақ байлары мен орыс кулактарын тіркеу саясаты қалай жүргізілгені жөнінде монография шығардық. Бұл еңбекте 1929 жылы болған Батпаққара көтерілісі де сипатталған. Депортациялау саясатымен елімізге келген әртүрлі ұлт өкілдерінің тізімі көрсетілді. 2022 жылы монографияның жалғасы мен зерттелген архив құжаттарының жинағы жарық көрді. Мемлекеттік комиссияның ақылдасуымен осындай 33 кітап шығарылып отыр. 2023 жылы осы архив құжаттары толықтырылып, қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының естеліктері жинақталған монография құрастырылды», – дейді Серікжан Ысмайылов.

Жобалық кеңсе осы жұмыстармен облыстың бірнеше ауданында болды. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарымен кездесті. Олар жақындары жайлы білетін, қолда бар анықтамаларын бөлісті. Кейбіреулері жазықсыз лагерьде отырса, біреулері аштықтың кесірінен Ресейге көшіп кеткен. Ал бай-шонжарлар Қорған, Челябі, Орынбор, Свердлов, Түмен облыстарын паналаған. Негізгі себебі – аштық пен кәмпеске. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқында болғандары 1946-1948 жылдары тергеу амалдарымен лагерьлерге жіберілген.

«Қазақстанда атақты АЛЖИР, КарЛагтан басқа белгісіз лагерьлер болды. Мәселен, Атырау облысында Каспий теңізінен балық аулаумен айналысқан лагерь болғаны беймәлім. Мәсекеу құжаттарында ел аумағында болған осындай 21 лагерь табылды», – деп атап өтті Серікжан Сағындықұлы.

Дін қызметіне қарсы саясаттың салдарынан бірнеше мешіт, шіркеу жабылды. Солардың бұрынғы орындарын ақтау комиссияның мүшелері картада көрсетіп берді. Қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жерлеу орындары қаншама… Қостанай қаласында да олардың бірқатары табылып жатыр. Мысалы, Нариман шағын ауданындағы зиратта қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды жаппай жерлеу орындары қорымның солтүстік бөлігі мен шығыстан батысқа қарай аумақта созылып жатыр.

Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың тағы бір жерлеу орнына қазіргі Жанкелдин көшесінің шығысындағы №11 және №15 үйлерден бастап, тұрғын үй құрылыстары салынған. СИ-7 қалалық түрмесінің (УК-161/1 мекемесі) орталық кіреберісіне іргелес аумақта жаппай жерлеу орны штрих-сызбамен картада көрсетілген.

Тағы бір жерлеу орны бүгінгі Жол полициясы әкімшілік ғимаратының ауданындағы Баймағамбетов көшесінің жүріс бөлігі шектелген шұңқырдың солтүстік-шығыс шетінде. Дәлірек айтқанда, №12 және №18 үйлерге қарама-қарсы тұста орналасқан.

Тарихтың ақтаңдақ беттерін парақтау арқылы біз бұрынғы қателіктерден сабақ алып, қайталамауға тиіспіз. Комиссия мүшелері, зерттеушілер бұл бағыттағы жұмыстың негізгі мәні осы дейді. Тарихтағы қателігін қайталамаған мемлекет қана сапалы ұлт қалыптастыра алады.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суретті түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу