Бүгін әділет органдары, сыбайлас жемқорлаққа қарсы ұйым, мемлекттік мекемелер мен адвокаттар алқасы бір жерге шоғырланды. Қоғамның беделді өкілдері әдеттегідей күлтөбенің басында жиын құруға келген жоқ. “Қостанай плаза” сауда ойын-сауық орталығына келіп кеткен ағайынның мұң-мұқтажын тыңдап, тегін кеңес берді.
“Игі бастама сегіз жылдан бері жемісті жалғасып жатыр. Жылда адам көп жиналатын жерлерді әдейі таңдап аламыз. Мұндай жерде адамдардың бір жағы демалып, тегін кеңес алуына мүмкіндігі мол”, – дейді Сыбайлас жемқорлаққа қарсы департаменті басшысының орынбасары”, – Рүстем Тоқбергенов.
Әділет департаментінің бас маманы Жазира Исмағұлова адамдардың көбі заңгерлер кеңесіне әлеуметтік мәселелермен жүгінетінін алға тартып отыр.
“Бұл іс-шара қолға алынғалы бізде алға жылжу бар. Ашық алаңда келген халықтың мәселелерін жеңілдетіп, екі жеп биге шығып жатқан жайымыз бар. Себебі қазір елде шешілмей тұрған мәселе көп. Онымен қоса, табиғи жағдайға байланысты түйіндер тұспа-тұс келіп отыр. Кезекпен қабылдай беру уақытты көп алады. Осы іс-шараның арқасында бәріміз бір жерге тоғысып отырмыз”, – дейді бас маман.
Мәселен, Гүлмайра Бименова жазғы демалыста екі баласын басқа қаладағы туысқандарына жіберу үшін сенімхат алуға келген.
“Егер сіздің туысқаныңыз еліміздің аумағындағы қалада болса, бұл қызмет түрін Egov.kz бағдарламасы арқылы онлайн рәсімдеуге болады”, – деп кеңес берді Қостанай қаласының натариусы Жұмакүл Жұмабайқызы.
Әлібек Мұқанов атты қала тұрғыны орталықтан авто жуу орнын ашу үшін жер алуға кеңес сұрайды.
“Біріншіден, қаланың орталығындағы демалыс аумағынан бизнес нысанын салуға тыйым салынған. Көлік көп қатынайтын шеткері жерлер аукцион арқылы конкурспен беріледі. Орын таңдалып алынған жағдайда қалалық сәулет мекемесі мен жер бөлімінің арнайы рұқсаты қажет”, – деді заңгер Дархан Нұрланұлы.
Ал Дина Ахметова заңгерлік кеңеске бірнеше мәселе бойынша жүгініп отыр. Соның ең өзектісі өзінің денсаулығына қатысты.
“Бүгін мойнымнан ауыр жүк түскендей болды. Дәрігерлер отаны күзде жасаймыз деген. Ол кез балалардың мектепке баратын уақытына сәйкес келгендіктен ертерек қолға алуды ұсындым”, – дейді ол.
Екіншіден ол отбасы “Нұрлы жер” бағдарламасымен алынған арендалық үйде тұрып келеді. Келісім-шартқа орай үйге қатысты өздіген шешім қабылдай алмайды.
“Бізге коммуналдық қызметті құрылысты жүргізген белгілі бір компания көрсетіп келеді. Осы құзіретті әкімдіктің тарапына өткізуді қалап отырмыз”, – дейді ол.
Айбек ЖҮЗБАЙ