Бюджет қаржысын ұрлау дерегі агроөнеркәсіп саласында кездескен. Салдарынан мемлекетке 3 млрд теңге көлемінде залал келтірген серіктестік анықталып отыр.
Экономикалық тергеу департаменті “Вeefexportgroup” ЖШС ет өңдеу кәсіпорны директорының басшылығымен ұйымдастырылған топқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу іс-қимылдарын жүргізуді аяқтады. Ол серіктестік ұзақ уақыт бойына “ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамыту” ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мемлекет бөлген бюджет қаражатын субсидиялар ретінде ұрлаумен айналысып, мемлекетке 3 млрдтеңгеден астам залал келтірген.
“Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 107 млн теңге өтелді. Сондай-ақ, күдіктінің құны 3,1 млрд теңге болатын мүлкі бұғатталды. Жалпы алғанда қылмыстық іске 49 адам тартылып жатыр. Олардың 13-і ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері. Оларға субсидиялар беру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау айыбы тағылып отыр”, – дейді Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Асқар Әбенов.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі бақылаудағы компанияның қызметінде салықтық тексеру жүргізген билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілігіп отыр. Сондай-ақ, осы іс бойынша Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының 30 шаруа қожалығының басшылары мен өкілдері күдікті ретінде тексеріліп жатыр. Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының 3 лауазымды адамына ақша қаражатын ұрлауға көмек көрсету және пара алу айыбы тағылған. Жеті ветеринарға құжаттарды қолдан жасау, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізу, сондай-ақ, заңсыз сыйақы алу дерегі анықталған. Департамент басшысы агроөнеркәсіптік кешенде бюджет қаражатын бөлу рәсіміне, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің субсидияларды алуы мен мақсатты жұмсауына мониторинг әлі де жүргізілетінін атап өтті.
Экономикалық тергеу қызметі көлік құралдарын тіркеу үшін міндетті алымдарды төлеуден жалтарғандар әшкере болды. Мәселен, биыл департамент мемлекетке 591 млн теңге мөлшерде залал келтірген 83 ауыр жүк көлігі табылды. Олар бастапқы тіркегені үшін алым төлемей, көлікті есепке заңсыз қойған. Қазіргі кезде сотқа дейінгі іс жүргізіліп жатыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ