Жеті отбасына пәтер сыйға тартылды

Жеті отбасына пәтер сыйға тартылды

Арқалыққа арнайы жұмыс сапарымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы келді.

Бас мүфти елге сапарында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 7 отбасыға пәтер кілтін сыйлады.

Қаладан баспаналы болып, қуаныштарын еселегендердің қатарында Арқалық қаласымен қатар көршілес Аманкелді және Жанкелдин аудандарының тұрғындары бар.

Салтанатты шақта бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің осынау қиын шақта елмен бірге болайын деп келгенін айтып, сөз сөйлеп пәтер кілттерін ағайындарға өз қолымен табыстады.

«Әрбір сынақтың артында жақсылық болады. Сынақты бірге көтерейік, көмектесейік деп келіп тұрмыз. Ниетімізді көрсету үшін келдік. Қандай бір сынақ болса да бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Қуансақ бірге қуанайық, қиыншылық болса бірге көтерейік. Алла қуанышымызды барлығымыздың қуанышымыздай сезініп, бірге қуануды жазсын.  Жаратушы иеміз енді елге тек жақсылықтарын нәсіп етсін», – деді ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ, ҚМДБ жанындағы әйелдер секторының қайырымдылық шарасы аясында су тасқынынан зардап шеккендер үшін көптеген қонақ көрпе дайындап әкелгендіктерін жеткізді.

Ел атынан сөз алған Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева бүгінгі күні Президент тапсырмасымен айтып келмейтін апаттың салдарымен күресуде үкімет тарапынан барлық тиісті іс-шаралардың жүйелі түрде кезең-кезеңімен атқарылып жатқанын жеткізді. Халыққа көрсетіліп жатқан көмекке алғысын білдірді.

Сапар барысында еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы мектеп қабырғасын тәмәмдап отырған түлектермен кездесу өткізіп, ақыл-кеңестерін айтып үлкен өмірге басып отырған қадамдарына ақ жол тіледі, батасын берді. Естелікке кітаптар сыйға тартты.

Құрметті қонақтар,белгілі қоғам қайраткерлері Қалқаман Жақып, ақын Серікбай Оспанов, сонымен қатар қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанат Хасенқызы,«Аналар кеңесінің» төрайымы Бақытжамал Қалтаевалар жылы лебіздерін білдірді.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

     Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу