Қостанайда Нұрғиса Тілендиев атындағы “Отырар сазы” фольклорлы-этнографиялық оркестрінің “Өз елім” атты қайырымдылық концерті өтті.
Үлкен ұжымға Н.Тілендиевтің қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Нұрғисақызы жетекшілік етті.Концертте қазақ және шетел композиторларының белгілі туындылары орындалды. Сондай-ақ қостанайлық сазгер Қалибек Деріпсалдиннің “Айнакөл” әні шырқалды.
“Біз бұл концертімізді көктемгі тасқында әбігерге түсіп, қиналған елдің рухын көтеруге арнадық. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей тапсырмасымен келіп отырмыз. Осы кеште Тобыл-Торғай өңірінің белгілі перзенті Қалибек досымыздың әнін тарту еттік. Көрермен бізді өте жылы қабылдады”, – дейді оркестрдің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жалғасбек Бегендіков.
Зал толы көрерменнің өнерпаздарға көрсеткен қошеметі ерекше болды.