Бүгін Қостанай ауданының Заречный кентінде “Sport Life” аталатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Спорт кешені “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында салынды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені балалар мен ересектердің спортпен шұғылдануына арналған. Нысанның тұсаукесерінде сөз алған өңір басшысы жаңа нысан бұқаралық спортты дамытуға зор ықпал тигізетінін тілге тиек етті.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға бірнеше тапсырма беріп, арнайы бағдарлама бекітіп, соның аясында қаржы бөлінген еді. Мінекей, соның нәтижесінде облысымызда былтыр Әулиекөл, Меңдіқара, Науырзым аудандарында заманауи спорт орталықтары ашылды. Биыл Денисов ауданы орталығында да жаңа кешен пайда болды. Тағы осындай сегіз нысан салып жатырмыз. Олардың біреуі Қостанай қаласында, қалғандары ауылдық жерлерге тиесілі. Барлығының құрылысы жылдың аяғына дейін бітеді. Бүгінгі оқиғаның да орны ерекше. Балалар мен жастарды спортқа тартуға бұл кешеннің зор пайда тигізері сөзсіз», – деді Қ.Ақсақалов.
Ғимараттың ашылу рәсімінде ауданның құрметті ақсақалдары, спорт ардагерлері құттықтау лебіздерін арнап, кешен ұжымының қызметіне, болашақ жаттығушыларына сәттілік тіледі. Кешеннің лентасын қию құрметі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аязбек Шалғымбеков пен 44 жыл жаттықтырушы болып еңбек еткен қария Өтебек Бекбосыновқа берілді. Кешеннің жалпы ауданы – 1700 шаршы метр. Мұнда 23 бөлім бар. Атап айтқанда, спорт зал, күрес, тоғызқұмалақ залдары, киім ауыстыру, жуыну бөлмелері, медицина қызметкерлері бөлмесі, жаттығу орны қарастырылған.Ғимаратта волейбол, баскетбол және шағын футболдан дайындық жүргізіледі. Екінші қабатында жаттығу залы және жекпе-жекке арналған зал орналасады. Мұның сыртында, ұлттық спорт және үстел үсті спорттарынан сыныптар ашу жоспарда бар. Кешен бір мезетте 150 адам қабылдай алады.Бұдан әрі өңір басшысы ғимарат ішінде ауданның үздік спортшыларын ақшалай сыйлық сертификаттарын табыс етіп, кешендегі ең алғашқы оқиға – волейбол жарысын ашып берді. Осы іс-шара аясында әр салада еселі еңбек еткен жергілікті бірқатар азамат та “Ауданның құрметті азаматы” атағын иеленді. Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ