“Арқалық” қайырымдылық қоры көп балалы жас отбасыға қамқорлық жасап, қала іргесіндегі Северный кентінен бес бөлмелі үй сатып әперді.
Биыл бұл қордың құрылғанына екі жыл толып отыр. Екі жылдығын атап өткен қор үшінші баспананың кілтін бес баланың анасы Ләззат Айметоваға салтанатты түрде табыс етті. Қор атынан шағын концерт ұйымдастырылып, ойындар ойнатылып, шапшаңдар мен зеректерге кішігірім сыйлықтар берілді.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қала әкімі аппаратының бас маманы, қайырымдылықпен аты шыққан азамат Жасын Омаров қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
«Алланың қалауымен екі жылда үш отбасыға қуаныш сыйлап, баспаналы болуына септігімізді тигіздік. Мұның бәрі – халықтан жиналған қаражаттың нәтижесінде жасалып жатқан көмек. Биылғы қасиетті рамазан айында осы көп балалы отбасыға көмектесейік деген ниетпен баспана сатып алуға қаражат жинауды бастаған едік. Міне, біреудің мұқтаждығына немқұрайлы қарамайтын ізгі жүректі, жомарт жандардың арқасында екі-үш айдың көлемінде діттеген мақсатымызға қол жеткізіп, тағы бір отбасыға қуаныш сыйлап тұрмыз», – дейді “Арқалық” қайырымдылық қорының төрағасы Марғұлан Сабыржанұлы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор