“Шоқан Уәлиханов ізімен”: музей салынып, баспасөз туры өткізіледі

“Шоқан Уәлиханов ізімен”: музей салынып, баспасөз туры өткізіледі

Сарыкөл ауданында «Шоқан Уәлиханов ізімен» атты әлеуметтік маңызы бар жоба қоғам талқылауына салынды. Мұндағы мақсат – ұлы ғалымның туған жері Күнтимес ауылын рухани мекенге айналдыру. Сондай-ақ тарихи тұлғаның есімімен байланысы бар мекендерге баспасөз туры ұйымдастырылады. Бұл туралы аудандық ішкі саясат бөлімі хабарлайды.

Қоғам белсенділері Күнтимес ауылында Шоқан Уәлихановтың ашық аспан астындағы музейін тұрғызу мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, бұл жоба жергілікті туризмді дамытуға серпін беріп, өскелең ұрпақ үшін өміршең өнегеге айналмақ. Бастамашы топ өкілдерінің айтуынша, ашық аспан астындағы музейдің эскизіне байқау жарияланады. Оған жобалаушы ұйымдар, сәулетшілер, дизайнерлер, студенттер және басқа да деңгейдегі үміткерлер қатыса алмақ. Ең үздік деп танылған жоба авторына ақшалай сыйлық беріледі.

Жоба аясында тәжірибе алмасу арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ Шоқан өмірі туралы өзге өңірлерден деректер жинау жоспарланып отыр. Бұған қоса, әлеуметтік желілерде экскурсия маршруттары бар бейнечаттар құру да көзделеді.

Алдағы уақытта Шоқан есімімен байланысы бар, тарихи маңызға ие жерлерге, тап айтқанда, Солтүстік-Қазақстан облысындағы Сырымбет ауылына, Жетісу облысындағы Алтын Емелге және Ресей Федерациясының Омбы облысына баспасөз турлары ұйымдастырылады. Баспасөз турының алғашқы сапары 30 мамырда Күнтимес ауылынан басталып, Сырымбетте (СҚО) жалғаспақ.

Суреттерді аудандық Ішкі саясат бөлімі ұсынды

Жаңалықтармен бөлісу