Театр ұжымы түрмеде. Қойылым жазасын өтеушілерге ерекше әсер етті

Театр ұжымы түрмеде. Қойылым жазасын өтеушілерге ерекше әсер етті

Қостанай қаласының  №38 Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде «Театр – тәрбие құралы» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті.

Мәдение іс-шараға  І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы қатысты. Олар жас драматург Әлішер Рахаттың “Туған күніңмен, анашым” спектаклін сахналады. Қойылым режиссері – театрдың жас режиссері Талғат Тәжіков.

“Іс-шара сотталғандарға отбасының маңыздылығын еске салу, олардың бойында сыйластық, адалдық және жақындарына деген қамқорлық сезімдерін оятуға бағытталды. Спектакль жазасын өтеп жүрген азаматтарды үйінде қайтып оралуын туыстары күтіп отырғанын сезіндіруге, драма арқылы көрсетуді көздеді”, – дейді Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі  департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмыс бөлімінің инспекторы, психолог, әділет майоры Динара Батарбекқызы.

Мекеме қызметкерлері мен театр өкілдері өмірде жаза басып, темір тордың арғы жағында отырған азаматтарға театрдың тәрбие құралы екенін айтып, қойылым арқылы отбасы құндылығын ұғындырды.

“Біздің бүгін қойған қойылымымыз жазасын өтеуші азаматтардың отбасыларына арналады. Оларға адам өмірінде отбасының, оның ішінде ананың, бауырларының қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын жеткізуге тырыстық”, –дейді театр актерлері.

Қойылымда үш бауырдың тағдыры баяндалады. Үлкені – жұмыссыз, ортаншысы ақшаның соңынан қуып жүрсе, ал үшіншісі – әлі студент. Әрқайсысының басында жеке мәселелері бар. Үш бауырды бір жерге тоғыстырған мереке – аналарының туған күні. Әркім өз қалтасынан қаражат шығарып, аналарына сыйлық сыйлауды ойластырады. Ағайындылардың арасында алауыздық тудыртқан мәселе қаражат тапшылығы болды. Дегенмен олар бір-бірімен қанша сөзге келгенімен, бауырдан артық адам жоқ екенін түсінеді. Қойылым сотталғандарға әсер етпей қоймады. Кейбіреуінің көңіл-күйі көтерілді, енді бірінің көзіне жас үйірілді.

“Қойылымнан ерекше әсер алдым. Еріксіз көзге жас келеді екен. Отбасыдағы татулықтан асқан ештене жоқ екенін түсіндім. Отбасымды сағындым”, – дейді сотталғандардың бірі.

Мекеме қызметкерлері алдағы уақытта осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Себебі тәрбиелік мәні бар іс-шаралар сотталғандардың мінез-құлқын түзетуге оң әсер ететіні сөзсіз.

Диана Батырбек

Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу