Мәжіліс мемлекеттік сатыпалым туралы заңды қабылдады

Мәжіліс мемлекеттік сатыпалым туралы заңды қабылдады

Мәжіліс «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Президенттің 2022 жылғы 26 қарашадағы Жарлығымен бекітілген.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 43-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлатуға және одан әрі автоматтандыруға, сатып алудың бірыңғай платформасын құруға бағытталған.

Заң жобасында мыналар көзделеді:

  • «мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі» ұғымын енгізу және ол бойынша нормаларды регламенттеу;
  • әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «тұрақты мемлекеттік сатып алу» институтын енгізу;
  • әлеуетті өнім берушілердің рейтингін енгізу;
  • мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдерін, мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарын және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарын регламенттеу.

Бұл заң жобасы 2024 жылғы 3 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша түзетулер енгізді және мыналарды ұсынады:

– EPC-келісімшарттарын енгізу. Бұл объектіні салу және оны пайдалануға беру бойынша толық аяқталған құрылыстың кешенді жұмыстары;
– мемлекеттік сатып алуда офтейк-келісімшарттар арқылы отандық өндірушілерді қолдау;
– мерзімдерді бұзғаны және жұмыстарды тиісті сапада жасамағаны үшін өнім берушілердің жауапкершілігін күшейту (өнім берушіден тұрақсыздық айыбын өндіріп алу, өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу).

Сондай-ақ:
– қосалқы мердігерлікке берілетін жұмыстардың шекті көлемін азайтуға (50%-дан 30%-ға дейін), сондай-ақ конкурста мәлімделмеген қосалқы мердігерлерді тартуға тыйым салуға;
– мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағым жасау тәртібін нақтылауға бағытталған түзетулер енгізілді.

Ауылдық әкімдіктердің жеделдігі және дербестігін арттыру үшін бір көзден алу тәсілімен сатып алудың шекті мәнін ұлғайту ұсынылады (3000-нан 4000 айлық есептік көрсеткішке дейін).

Бұдан басқа, жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын, сондай-ақ заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру жөнінде түзетулер енгізілді.

Парламент Мәжілісінің комитеттері заң жобасы бойынша қорытындылар берді.

Жаңалықтармен бөлісу