Сәуір айының аяғынан бастап Лисаков қаласында «Инватакси» қызметі жұмыс істей бастады.
Инватакси – мүгедектігі бар адамдар күнделікті пайдаланатын сұранысқа ие қызметтердің бірі. Бүгінде моно шаһарда бұл қызмет түрі жақсы дамып келеді. Бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар жылдың кез келген уақытында және ауа райы қандай болса да көтергіші бар арнайы машиналардың қызметтерін тегін пайдалана алады.
Инватакси қызметін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қалалық мүгедектер қоғамы көрсетеді. Осы орайда, жергілікті бюджеттен 4 млн 210 мың қаржы бөлінген.
«Көлік 2011 жылы сатып алынып, мүмкіндігі шектеулі балалардын күндізгі бөліміне берілген болатын. Осы уақытқа дейін ешқандай ақауы болған жоқ, толықтай пайдаланылды деуге болады. Өткен жылы шамамен 1 млн теңгеге қозғалтқышы ауыстырылды. Көлік мүгедектерді тасымалдауға арналып жарақтандырылды. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, жетер жерге апарып-әкеліп жүр», – дейді Лисаков қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржамал Жортымбаева.
Бөлім басшысының айтуынша, инватакси қызметі, осы уақытқа дейін түскен өтініштерге сәйкес, 30-дан астам мүмкіндігі шектеулі адамға көмек көрсетеді деп жоспарлануда. Оны мүгедектігі бар тұлғалардың екі категориясына жататын жандар пайдалана алады.
«Бұл оңтайландырудың жеке бағдарламасы бар мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналып отыр, яғни жеке көмекшінің қызметін пайланатын І топтағы мүгедектер, сондай-ақ, арбаға танылған жандар тасымалданады. Біздің қаламызда бұл категория бойынша шамамен жетпіске жуық адам есепте тұр», – деді Нұржамал Жортымбаева.
Инватаксиді бірінші кезекте мүгедектігі бар жұмыс істейтін және білім алатын азаматтар қолданады. Ал, кейбір мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік көлік қызметі жүгіну тәртібіне сай ұсынылады. Бүгінгі күні моно шаһарда 11 азамат осы такси қызметін пайдалануда.
Дулат Тоқсейітов денсаулығына байланысты бес жылдан бері І топтағы мүгедек. Ол аптасына үш рет тұрақты түрде гемодиализ орталығына қатынайды. Бұған дейін Рудныйдағы медициналық орталыққа барып-келіп жүрген болатын, қазір Лисаковта осындай медициналық орталық ашылып, өте қолайлы болғанын айтады.
«Кейде денсаулығым нашарлап, жаяу жүре алмайтын кездер болады, сол кезде көлік шақыртуға тура келеді. Қазір қалада мүгедектерге арналған такси жұмыс істей бастады. Бізге ыңғайлы болды. Кез келген уақытта алып кетіп, қажетті жерге жеткізеді, – дейді қала тұрғыны Дулат Тоқсейітов.
Олар әлеуметтік және қоғамдық орындарға, емдеу мекемелеріне, прокуратура, сот, құқық қорғау, оқу орындарына, жұмыс істейтін жерлеріне бара алады. Сонымен бірге, вокзалға дейін жеткізіледі.
«Бұл қызметті пайдалану үшін құжаттар пакетін ұсыну қажет. Бізге жеке куәліктің көшірмесін, сондай-ақ инватаксидің әлеуметтік қызметтерге қажеттігін растайтын құжаттарды әкеледі. Өтініш беруші диспетчерге (8 (714 33) 3-52-66 хабарласып, тапсырыс қалдыра алады. Инватакси қызметі тегін», – деді Лисаков қалалық мүгедектер қоғамының төрайымы Талжібек Нұрахметова.
Айта кетейік, бүгінде Лисаков қаласында 900-ден астам мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұр. 18 жасқа дейінгі 115 мүгедек бала тіркелген.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ