Бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады

Бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады

Өтінімдерді  қабылдау Business.enbek.kz порталында 20 мамырдан бастап 1-лек бойынша  жүзеге асырылады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, еліміз бойынша  бірінші лекте 4 500 адамға грант беру жоспарланып отыр.

Гранттар жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз беріледі.  Жалпы  көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Өтінім беру үшін порталға  тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту керек. Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтырғаннан кейін  порталға енгізесіз. Өтініш нысанын толтырып,  ЭЦҚ кілтімен қол қоясыз.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет. Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға берілетін грантты алуға тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.

Бұл ретте үміткерлер мүгедектігі бар адамдардың, қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдардың, өңіраралық қоныс аударушылардың, аз қамтылған отбасы мүшелерінің, көпбалалы отбасы мүшелерінің (жұбайы / зайыбы), мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдардың (жұбайы / зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылардың әлеуметтік санатынан болуы керек.

Бұған қоса, Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.

Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

Жаңалықтармен бөлісу