Көктемгі тасқын судың салдарынан үйлері жөндеуге жарамай қалған Арқалық қаласына қарасты ауылдардың тұрғындарына мемлекет қаражатына баспана сатып алу жұмыстары жалғасып жатыр.
Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Елтебаева және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіровпен бірге жаңа қонысқа көшкен отбасыларды арнайы үйлеріне барып құттықтап, облыс әкімінің атынан сыйлыққа теледидар табыс етті.
Бүгінде Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарынан 32 отбасыға қаладан пәтер сатып әперілді.
Қазіргі уақытта тағы 33 пәтер сатып алуға құжаттар әзірлену үстінде.
Қала әкімі кезекті рет 11 отбасының шаңырағында болды. Тұрғындардың бәріне бірдей пәтерлерді өздері таңдап алуға тең мүмкіндік берілген.
Мемлекет қамқорлығының арқасында баспаналы болып, жан-жақты көмекке кенелген жаңа қоныс иелері қиын шақта қол ұшын созған барлық жомарт жүректі жандарға ризашылығын білдіріп, зор алғыстарын жеткізді.
«Бала-шағамызбен далада қалдырмай баспана мәселесін шешіп берді. Қаладан өз таңдауымызбен жайлы пәтер алып, мәз-мәйрам болып отырмыз», – дейді Қызылжұлдыз ауылының тұрғыны Мәдина Әбілғазиева.
Екідің ауылынан келіп бір үйге қоныстанған көршілер Қазбек Әбнұр мен Гүлзира Айтуар да ел Президентіне, облыс, қала басшылығына, жалпы көмек қолын созған Қазақстан халқына шынайы алғыстарын білдірді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы