1942 жылдың сол бір қақап тұрған аязды күні орман ішіндегі кішкене кордонда өмір сүріп отырған Мәулет Сәрсенбаев қарияның жанұясы үшін қаралы болды. Соңғы рет ақ сақалын көз жасымен жуып тұрған әкесін бауырына басып, Мәулет қарияның жалғызы соғысқа аттанды. Жас келіншегіне қимастықпен қарап, әлі ештеңе түсінбеген екі баласын құшақтап, беттерінен сүйді, маңдайынан иіскеді. Өкіметтің жауынгерлерді жинап жүрген «бортовой» машинасымен кете барған тепсе темір үзер елінің азаматы туған жермен осылайша қоштасқан-ды.
Орманның ішіндегі кішкентай кордонда қыс өтті. Өмір жалғаса берді. Көктем де келді. Елге бірен-саран хабар келіп жатты. Соғысқа кеткен азаматтар Челябі облысының Шұбаркөл деген жерінде дайындық өтіп жатыр деген хабар естілді. Жас келінінің көңіл-күйін ойлаған атасы, қорқынышты болса да Қалампыр келіне «баласы Нұржанға тамақ, киім апарып, жағдайын көріп келсін» деген оймен Шұбаркөлге баруға рұқсат берді.
Орыс тілін білмейтін 30 жастағы жас келіншек «товарный» қызыл вагонға отырып, арқасына қапшығын арқалап, Шұбаркөлге аттанды. Сорына қарай онда жеткенде әскерлерді Украина майданына алып кетіпті. Мәулет атамыз келіні қайтып келгесін:
«Қаламжан, мен текке отырмайын. Нұржанның күзететін орманына шығайын. Ертең ол соғыстан қайтып келгенде орман сау тұрсын», – деп белін буып, атқа мініп тысқа шықты.
Күн сайын солай орманды аралап, жылап-сықтап кешке үйге қайтып жүреді екен. Жас келіншекке биіктен өртті бақылауға жұмыс беріліпті. Сүйегі қатпаған Ғалихан сол орман шаруашылығында шама-шарқынша жұмыс істейді. Арбамен су тасып, өгіздерді суарады. Оны арбаға жегіп, малды айдап келеді. Арбаның доңғалақтарын майлап қояды. Міне, сол кездегі балалар жастарынан ерте ер жетті деуге болады. Қиыншылықты, жоқшылықты көріп өскендер өмірді бағалай біледі екен. Қазір қария болған Ғалихан сол заманды жиі еске алады, немерелерін, шөберелерін тәрбиелеп отыр. Соғыс бітті деген хабар да келеді. Мәулет атай күнара ат арбамен станцияға барып, жауынгерлерді күтіп жүреді. Бірақ оның «жалғызы» оралмады.
1944 жыл Поволжьядан неміс халқын бала-шағаларымен Қазақстанға жер аударды. Кордон станцияға жақын болғасын ба, немістерді сонда әкеледі. Бір неміс жанұясында 11 бала болыпты. Солардың ішінен 4 жасар Володия Гамм деген баланы Қалампыр алып, өзінің перзенттерімен өсірді. Володя Гамм қазақ мектебінде оқыды. Ағасы Ғалихан Қостанайға мектеп-интернатқа оқуға кеткенде, шешесі Қалампырмен қалады. Ер жеткесін сол жерде үйленіп, балаларын өсіріп тұрады. Қалампыр анасын «мама» деп атайды. Ғалихан Алматыдан Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, Қостанай қаласында қызмет істеді. Анасын қалаға алып келді. Володя өмірінің соңына дейін «мамасы» ауылға барғанда қуанышпен күтіп алады екен. Оның соңғы демі сол Қазанбасы станциясында үзілді, сонда жерленген. Қазақ жерінде мәңгілік тыныстап жатыр. Қазақ халқы мейірбан халық қой, ұлтына қарамай, өзінің қиын жағдайына қарамай, сол неміс баласын Володяны өзінің екі қанатымен бірге өсіріп жеткізді. 1949 жылы Мәулет атай қайтыс болады. Сол жылы атасының інісі Сапа Әлсейітов Ғалиханды Қостанайдағы мектеп-интернатқа оқуға әкеліп береді. Сол жерде көбіне жетім, әкелері соғыстан келмегендердің балалары оқыған. Ғалиханның әкесінен соғыстан келген «үшбұрыш» хаттары 70 жылдан артық сақталды. Ғалихан Нұржанұлы отставкаға шыққасын көптеген қоғамдық жұмысқа араласты. Сол хаттарды сұрап алып архивке қойды. Сарғайған хаттар, латын әріптерімен жазылған «проверено цензурой» деген мөрі бар облыс қауымының назарында. Ғалихан Мәулетов 27 жыл КГБ органда қызмет атқарды. Подполковник шенімен отставкаға шықты. Содан кейін А.Байтұрсынұлы университетінде сабақ берді. Қазақ тілінде «Криминалистика» деген пәннен оқулық жазды. Сол оқулықпен қазіргі студенттер оқып жатыр. Университеттің Құрметті қызметкері деген атақпен жұмысын аяқтады. Отставкаға шыққаннан кейін 15 кітап, 250 мақала жазды. Олар үш тақырып бойынша (саяси қуғын-сүргін; қазақ халқының атақты, белгілі көрнекті адамдары; ұлттық салт-дәстүр) баспадан шығып, бүкіл Қазақстанға таралды. Авторы Ғалихан Мәулетов «Қазына» сыйлығының лауреаты болды. 2017 жылы қуғын-сүргіннің 80 жылдығына «Ұмытылмайтын қасірет» атты кітабы шықты. «Алжир» архивінен қызметкері арнайы келіп, «Халықаралық ғылыми» конференциясына шақырды. Сол конференцияда сөз сөйледі. Соңғы кітабы «Қалдырған ізің мәңгілік» екінші дүниежүзілік соғысына қатысушылар, еңбек ерлері, тыл еңбеккерлеріне арналған. Ғалиханның жалғыз нағашысы Уәли Нұрғалиев соғыста қайтыс болған. Ол кісінің өмірі өте қиын болды. Соғысқа шақырылып, Әулиекөл аудан орталығына жеткенше жалғыз ұл баласы өледі, келесі күні әйелі көз жұмды. Оның артынан қалған балалары шетінейді. Сол нағашысының қай жерде жерлегенін көп жылдар іздеп, 2019 жылы тауып нағашының немересін Әлімбай Мұстафинді алып Волгоградтағы Мамаев қорғанына бардық. Қабырғадан аты-жөнін көріп, құран бағыштадық. Қостанайдан анасының, апасының бейітінен топырақ апарып салдық. Нағашының бейітінен әкелген топырақты осында салдық. Соғысқа аттанған ауылында бүкіл жұртты шақырып ас бердік, құран бағышталды. Ал Ғалиханның папасы туралы алдында айттым. Ол кісіге «қара қағаз» келмеген. Қай жерде, қашан қайтыс болғанын көп іздеп таба алмаған. Енем о дүниелік болғанша үміттін үзбеді. 82 жасында қайтыс болды.
2002 жылы әкеміз 100 жасқа келді. Соны ойлап ас бердік. Бұл асты той ретінде Қазанбасы ағашының ішінде, Шипакөлдің жағасында, киіз үйлер тігіп, ат жарыс ұйымдастырып, ән-күй шырқатып, жүлделер, сыйлықтар берілді. Неге дейсіз. Ол кісінің қайтыс болғаны туралы мәлімет жоқ. Сол жазда, сол жердегі Тоңмойын руының зиратына монумент орнаттық. Сүйегі сол жерде болмаса да, қай жылы туды, қашан соғысқа кеткені жазылды. Қазіргі өскен немерелері, шөберелері, үлкендері сол монументке барып құран бағыштап тұрады. Ата-бабаларының мекеніне серуендеп келеді. Бұл жағдайдың, іс-шараның үлкен тәрбиелік мәні бар. Қандай әулеттің қорымы екенін жас ұрпақ білсін деген ниетпен өткен жазда сол қорымға үлкен граниттен ескерткіш қойылды.
«Өткенді білмесең, болашақ жоқ», – дейді ғой. Осы іс-шаралар келесі ұрпақтарға қалып жатқан жәдігер деп айтуға болады. Үлкен буынның кісілері: көрген, білгендеріңді, естігендеріңді жастарға айтып, жазып отырғандары дұрыс болар. Қазақ халқының өмірі оңай болған жоқ, соны жастар білсін, естісін, оқысын. Сонда ғана жастар Отансүйгіш, халқын, ұлтын құрметтейтін, бағалайтын болады. Тәрбиелік мәні болатын жағдайларды ұмытпайық, үлкен буын. Жаны тірі, тырмысқаны, арқылы жұбайым Ғалихан біраз сатыға жетті. 27 жыл ҰҚК органында қызмет етті. Қазір «ҰҚК органының құрметті ардагері» атағы бар. Сол органның көптеген медальдары, марапатары кеудесінде жарқырайды. Соғыс кезінде бала күнінде жұмыс істегені үшін үкіметтен жәрдемақы алады. Қазір жасы 87-де, бірақ әлі қоғамдық жұмыс істейді. «Жақсы қартаю да өнер» деген қағиданы ұстап, өмір сүріп келеді. Жастарымыз үлкендерден жақсы үлгі алып өссін, өмірлері бақытты болсын, аспандары ашық болсын деп тілейміз. Қазір атамыздың атын алып жүрген шөпшегі Нұржан Мәулетов өсіп, жігіт болып келеді. Атасының қиын өмірін шекпесін дейміз. Бақытты өмір сүрсін. Өмірде болып жатқан жаман жағдайлар аулақ болсын.
Бақытгүл МӘУЛЕТОВА,
ҚР білім озаты,
«Еңбек ардагері» медалінің иегері.