Әлі есімде… 2022 жылдың 3-ші желтоқсаны еді. Түн құшағындағы Елордада қыс қаһарына мініп, аяздың ақырып тұрған күні болатын. Жұртты әбігерге салған осындай ызғарлы, суық ауа райымен бірге бізге бірер жылдан бері денсаулығы сыр беріп жүрген аяулы досымыз Қонысбай Әбілдің дүниеден озғаны туралы суық хабар жетті. Осы бір қайғылы қазаны сол тұстағы ҚР Жазушылар одағының басқарма Төрағасы, қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет өзінің Фейсбук парақшасында былай жеткізген еді:
«…Астанадан таң бозымен тағы бір ауыр хабар жетті – арқалы ақын Қонысбай Әбіл дүниеден өтіпті! Жалған-ай!.. Қазақстанның Халық ақыны, атақты айтыскер, алты Алаштың ардақтысы, сөз сүлейі, сайыпқыран сатирик, қарымды қаламгер, тіл жанашыры, от ауызды, орақ тілді, сегіз қырлы, бір сырлы асыл азамат бұл пәниден бақиға көшіпті! Көкірегім қарс айырыла отырып, марқұмның отбасына, аяулы ақынын қадірлейтін халқымызға көңіл айтамын. Бақұл бол, досым! Жаның жаннатта болсын!».
Бұл қайғылы хабар бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Аяулы досымызды ҚазМУ-дің журналистика факультетінде бес жыл бірге оқыған біздердің – курстастардың ғана емес, оның жаназасына жиналған қарақұрым халықтың өлімге қимайтынықақаған аязда күңіренген көпшіліктің лебінен анық аңғарылып тұрды.
Сол жолы досымыздың өмірі мен өнері арқылы халқының қадірлі де қимас ұлына айналғанына және бір куә болдық. Қалың нөпір легі өзінің өнерпаз ұлымен жүрекжарды сөздерін айтып қоштасқаннан кейін қаралы шеру Қонысбайдай асыл перзентін жер қойнына беру үшін Президент пәрменімен белгіленген қазақтың көрнекті тұлғалары мәңгілікке дамылдаған Пантеонға қарай бет түзеді…
Міне содан бері де арада 1,5 жылға таяу уақыт өте шығыпты. Тірі болса Қонысбай досымыз биылғы жылдың жиырма бірінші мамырында қалың қазағымен қауышып, 70 жылдық мерейтойын әдеттегі әдетімен мереке мен берекеге айналдырып, дүрілдетіп тойлап жатар еді-ау.
Иә Қонысбай бәріміздің досымыз еді. Бәріміз онымен дос болуға ұмтылушы едік.Өйткені ол курстастар арасынан ә дегеннен-ақ суырылып шығып, өзімен қатар жүргендерді елең еткізген мінездің иесі еді.
Мінез деген адам жанының айнасы ғой. Сол айнадағы бейнесін Қонысбай курстастарымен енді-енді таныс бола бастаған алғашқы айларда-ақ жария етіп үлгерген болатын. Ә дегеннен-ақ әзіл-қалжыңымен, ән-жырымен достарының көңілін аулап, жүрегін баурап алған еді.
Келе-келе осы бір қараторы өңді, орта бойлы жігіт ағасын курстас достары ғана емес, бүкіл Қазақстан танып-біле бастады. Біліп қана қоймай жұртшылық оның аты аталған жерде азаматтығын, адамгершілігін, жан дүниесі жарасымды әзіл-қалжыңға бай, төңірегін күлкіге көмкеріп, мәз-мейрам күйге бөлей білетін ақ жарқын мінезін айтып тауыса алмай, ризашылықпен таңдай қағып отыратынболды. Ал ол болса, халқы құрметтеген сайын шабыты шалқып, қанаттана түсумен қатар, қошемет пен қолпаштың буына балқып, болдым-толдым күй кешетін баз біреулердей емес, керісінше, ізетіне ізет қосып, қашанғыдай сыпайылық қалпынан бір танбайтын.
Әрине ілтипат пен сый-құрмет өздігінен келмейді. Әсіресе халықтың ілтипатына бөлену оңай емес. Оған жүзден жүйріктер ғана қол жеткізеді. Қонысбай Әбіл сол жүйріктер қатарынан орын алып, ел сүйіспеншілігіне бөленген сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз еді. Және өнер өлкесіне өзінің кездейсоқ келмегенін әлдеқашан әлденеше рет дәлелдеген нағыз саңлақ-тын.
Қонысбайдың өнер үшін, халқының ар-намысын өнерімен қорғау үшін жаралған азамат болғанына дәлел көп. Жора-жолдастары кейде әзіл-шыны аралас мынадай әңгіме айтатын. Қонысбай Қазақ мемлекеттік университетінің журналистер даярлайтын факультетіне оқуға түскен жылы талапкерлерді конкурстық іріктеу кезінде кімнің қандай музыка аспабында ойнай алатындығына назар аударылса керек. Кезек Қонысбайға келгенде: «Мен кез келген музыка аспабында ойнаймын» демей ме. Мұны асыра айтылғанға балаған ұстаздар қауымы шәкірттің қабілетін тексеріп көрмек болады. Сонда Қонысбай шынында да домбыра, мандолин, баян тәрізді музыка аспаптарын құйқылжыта тартып, ұстаздар назарын аударған деседі. Кейін 2-курстан бастап, факультет студенттерінен «Ләйлім шырақ» атты вокальдық ансамбль құрып, оның жұмысына Нұртілеу Иманғалиұлы, Ұлықбек Есдәулет, Бақыт Табылдиев, Марат Нұрқалиев, Бақыт Ахмеров тәрізді өнерлі жігіттерді тартып, оқу бітіргенше өзі жетекшілік еткен.
Демек, Қонысбайдың өнерге бейімдігі балалық шағынан бастау алады. Мектеп қабырғасында жүргенде домбыраға, ән-күй мен өлең-жырға әуестенеді. Республикалық газет-журналдарда өлеңдері жарияланады. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінің ұйтқысы болады. Той-томалақ, мерекелерде көпшілікті әнімен, әзіл-қалжыңымен баурайтын өнерпаз бала атанады. Келе-келе авторлық құқыққа ие болған, «Ауыл кеші көңілді» жинақтарына енгізілген көптеген әндер жазады. Ол әндерді «Айгүл», «Адырна», «Шертер», «Ғасырлар пернесі» ансамбльдері орындап, халыққа кеңінен танылады.
Қонысбайдың таланты әсіресе айтыс өнерінде жарқырап көрінді. Қадым заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан бұл өнердің өзіндік ерекшелігі бар екенін жұрттың бәрі біледі. Табан астынан суырып салып, көпшіліктің көңілінен шығатын тапқыр ой айту Құдай талант берген адамның ғана қолынан келеді. Қонысбайдың осындай қиын өнердің шаужайынан ұстап ғана қоймай, оның биік шыңына көтерілуінің басты себебін оның туып-өскен ортасынан іздеген жөн. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Нұрхан Ахметбеков, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков тәрізді дүлдүлдер өмір сүрген құнарлы Торғай топырағы Қонысбайды да бастау бұлағының қайнар көзінен қанаттандырған тәрізді. Оны бір айтыста: «Торғайдан шыққан бір таймын, Жалғаған жырын Нұрханның» деп, Қонысбайдың өзі де тілге тиек еткен-ді.
Қонысбай айтысқа араласа бастаған сонау 80-жылдардан бастап әр жылдары Қазақстанның халық ақындары Көкен Шәкеевпен, Әсілхан Қалыбековамен, Әсия Беркеновамен, Монғолиядан келген Тоқтамұрат Жомартпен, өзбекстандық Мекембай Омаровпен, ресейлік Амангелді Жүсіповпен, белгілі айтыскерлер Қатимолда Бердіғалиевпен, Ерік Асқоровпен, Көпбай Омаровпен, Серік Құсанбаевпен, тағы да басқаларымен сөз сайыстарына түсе жүріп, осы өнердің шынайы шеберіне айналды. Талай рет бас бәйгені иеленді. Атап айтқанда 1990 жылы Ташкент қаласында Балқы Базардың 150 жылдығы құрметіне өткізілген Орта Азия және Қазақстан ақындарының айтысында, сол жылғы республикалық ІІІ ақындар айтысында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ С. Торайғыров пен Б. Майлиннің 100 жылдығы құрметіне өткізілген республикалық айтыстарда, телевизиялық айтыстарда сан мәрте топ жарды. Айтыс өнеріне сіңірген зор еңбегі үшін 1990 жылы «Қазақстанның халық ақыны» атағына ие болды.
Аталған абырой-атақтар, қала берді халықтың сүйіспеншілігі Қонысбайға кейбір ақындар сияқты сахнаға шығып алып, домбыраның шанағын сабалап, арзанқол ұйқастар айтып, уақыт ұтқаны үшін берілмесе керек. Керісінше, ортаға түйдек-түйдегімен тастаған отты жырлары тыңдаушылардың айызын қандырып, жұртшылықты «Әп берекелді!» дегізген сәттері аз болмаған. Қоғамдық ой-пікірмен астасып жататын мұндай пайымдаулар көпшілікті сүйсіндіріп ғана қоймай, көтерілген көкейкесті мәселенің келешекте оң шешімін табуына да әсерін тигізді. Әсіресе ақынның тілге, елге, жерге байланысты айтқан орамды шумақтары көпшіліктің көңілінен шығатын. Мысалы Қонысбай бір айтыста:
– Кезінде талай-талай атқа қалдық,
Бүгінде жайымыз жоқ мақтанарлық.
Ұсталған 37-де атамыздай,
Әзер деп тілімізді ақтап алдық. – деп, қуануға әлі ерте екенін ескертеді. Айтса айтқандай тіліміздің әлі әзір қатарға қосылар түрі байқалмайды. Ақынның кең-байтақ қазақ жері туралы:
– Жетісу Арқа менен екі араны,
Жалғауға қандай құшақ жете алады.
Бабалар сойылменен қорғап соны,
Қанымен сызып кеткен шекараны, – деген бейнелі теңеуі де көкейге қонымды.
Қонысбай қалжыңға қалжыңмен табан астында жауап қайырудың асқан шебері болатын. Мысалы, жоғарыда әңгімелегеніміздей, Балқы Базар жыраудың 150 жылдығы құрметіне Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткізілген халықаралық айтыста бас бәйгені жеңіп алған Қонысбайға Жамбылдың немересі Әлімқұл қалжыңдап: «Көрімдікке не берсем екен, әкелші насыбайыңнан иіскейін»,- деп әзілдейді. Сонда көп ішінен біреу: «Қонысбай жауап берсін»,- деп дауыстайды. Домбыра қолына тиісімен Қонысбай әзілге әзілмен былай деп жауап беріпті:
– Жалаңаш қолмен шоқты көсіп алып,
Отырсың жырмен елдің есін алып.
Жамбылдың немересі иіскесе,
Музейге қояр едім кесіп алып.
Мұндай тапқыр сөз, ұтқыр ойлар Қонысбай айтыстарынан молынан кездесетін. Оның бәрін тізбелеуді мақсат тұтпадық. Бір ғана айтарымыз – Қонысбайдың айтыс өнерінде шеберлік шыңына көтеріліп, өзіндік мәдени мектебінің қалыптасуына оның жазба әдебиетте де өнімді еңбек етуі игі әсерін тигізді деген ойдамыз. Атап айтқанда ол айтыс өнерімен ғана шектеліп қалмай, өзін журналист ретінде де, жазушы ретінде де, әзіл-қалжың, сықақтың айтулы шебері ретінде де әр қырынан таныта білген нағыз әмбебап талант еді.
Оқу бітіргеннен кейін өзі туып өскен Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Лениншіл жас» газетінің Торғай, Целиноград облыстары бойынша меншікті тілшісі, облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары, қалалық «Арқалық таңы» газетінің редакторы, Торғай облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы,Астана қаласында Тілдерді дамыту басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аппаратында Редакциялау және аударма бөлімінің сектор меңгерушісі қызметтерін ойдағыдай атқара жүріп, әр жылдары оқырман тарапынан жылы қабылданған «Бастау», «Көршілер», «Алаңғасар», «Қонысбайдың қалжыңдары», «Жетпіс жетінің жігіттері» «Топ жардым туын жықпай туған елдің…», «Әй-әй ақын әлдиі», «Жадымдағы жазбалар» тәрізді сықақ өлеңдер, әзіл, қалжың, қағытпалар, өлеңдер мен айтыстар, повестер мен әңгімелер жинақталған бірнеше әдеби туындылар ұсынды.
Қонысбай Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін насихаттау саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мысалы, «Қазақстан айтыс ақындары мен жыршылар одағының» төрағасы болыптұрған кезінде Қ.Әбілдің ұйымдастыруымен Астана қаласында республикалық деңгейде 10 ақындар айтысы өткізілді. Жас ұрпақты халық ертегілері кейіпкерлері рухында тәрбиелеу мақсатында «Тазша бала» конкурсы қолға алынып, ел ішіндегі көптеген таланттардың танылуына жол ашты. Осы байқаудың жеңімпаздары атанған Данияр Хамзин, Тұрсынбек Қабатов, Ринат Зайытовтардың есімі бұл күнде республика көлеміне кеңінен танымал. Сол секілді Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фестивалін қалыптастыру, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдастыру, елордада тұратын қаламгерлермен кездесулер өткізу Қонысбайдың тұсында дәстүрге айналды.
Қонысбай халқына бойындағы табиғи дарынымен, шығармашылық туындыларымен ғана қызмет еткен жоқ. Күнделікті мемлекеттік қызметте де ол елінің еңсесін көтерер іспен айналысты.
Қонысбай Әбіл 1998 жылдан бастап Астана қаласында мемлекеттік тілді дамыту ісінің негізін қалады. Алғашқы қадамын Астана қаласы әкімдігінде Тілдерді дамыту секторы меңгерушілігінен (1998 ж.) бастаған ол араға 4-5 ай салып секторды Тіл бөліміне айналдыруға қол жеткізді. 2002 жылдың басында елордада Тілдерді дамыту басқармасын ашып, ана тілді өркендету бағытында бел шеше еңбек етті. Сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың басшылығымен басқарма жанынан «Руханият» мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылып, онда өзге ұлт өкілдері де арнайы даярлықтан өтті.
Сондай-ақ Қонысбайдың Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы ретінде де атқарған шаруалары айтарлықтай. Мыңдаған көрермендер куә болған шаршы топтағы айтыстарда туған тілінің жоғын жоқтаған, соны өрге бастыру жолында қызыл тілді барынша безеген ақын енді сол тілді өркендетуге басшылық жасау тапсырылса, аянып қалсын ба. Бұл бағытта да өндіріп жұмыс істеді. Оған тәубе әрине. Бірақ бітуі қазақ баласының өзіне ғана байланысты, алайда бітіруге мойны жар бермей, енжарлыққа салынатын, тіпті қазақ тілінің қатарға қосылып жүріп кетуіне іштей қарсылық та білдіріп жүрген қандастарын көргенде ашынып та, қынжылып та қалатын.
– Тіл мәселесінде жағдайымыз әлі де мәз емес-ау, – дейтін Қонысбай ойымен бөлісіп, – Тіпті аралас мектепті былай қойғанда, таза қазақ мектептеріне барсаңыз, үзіліс кезінде оқушылардың бәрі орысша сөйлесіп тұрады. Бұл нені көрсетеді? Бұл олардың отбасында орысша тәрбие алып жүргендігінің дәлелі. Тілді былай қойғанда қалалық жерде ұлтымыздың салт-дәстүріне немқұрайды қарайтындардың қатары азаймай отыр. Астанада кәсіпкерлікпен шұғылданатындардың басым көпшілігі өз қандастарымыз. Біреуі дүкен, біреуі дәмхана, біреуі мейрамхана, енді біреуі қонақүй ашып жатады. Алайда, сол нысандарына қазақша ат қоятындары сирек. Себебін сұрасаң: «Қазақша атасақ, ешкім бармай қояды» деп қарап тұрғаны. Намысын оятпақ болып айтқан сөздерің көбіне далаға кетеді. Бұдан шығатын қорытынды: ел мүддесі үшін, тіліміз, діліміз, дініміз үшін халық болып күреспейінше ілгерілеуге қол жеткізе алмаймыз. Тілді дамыту сол іспен айналысатын басқарма, мекемелердің ғана міндеті деп ойлау түбірінен қате түсінік.
Қонысбай осылай тебіренетін. Кейінірек Мәжіліс аппаратының Редакциялау және аударма бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарған жылдарда да қазақ тілінің өмірдің барлық саласында айналысқа енуіне жан аямай еңбек етті. Жүздеген терминдерді қалыптастыруға атсалысты. Сол арқылы болашақта қазақ тілінің күнделікті қолданысқа емін-еркін кірігуіне негіз қалады.
Халқының сүйіспеншілігіне бөленген Қонысбайдың өнеріне мемлекет те назар аударып,1990 жылы «Қазақстанның халық ақыны» атанғанын жоғарыда айттық. Одан кейін де «Парасат» орденімен, бірнеше мемлекеттік медальдармен, соның ішінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Ана тілі» медалімен марапатталды. Арқалық қаласының, Торғай қаласының құрметті азаматы атанды.
Қазақтың Қонысбайы туралы әңгімемізді түйіндей келе айтарымыз, Қонекеңнің өмір жолы үнемі сәтті бола берген жоқ. Ол өнер жолындағы қиындықтарды былай қойғанда, тіршіліктің ащы дәмін татудай-ақ татса да мойымаған жан. Ол он үш жастағы балғын шағында анасынан айрылған шерлі жан. Сол кезде үйдің үлкені өзі және соңынан ілескен екі інісі бар еді. Анадан айырылу оған ауыр тиді. Азалы жағдай оның жүрегінде ән боп өріліп, бүгінде жұртшылықтың сүйікті шығармасына айналған «Бала махаббаты» деген ән сонда дүниеге келген еді.
Отбасындағы осындай ауыртпалықты қайсарлығымен жеңе жүріп, Алматыдағы оқуын жалғастырған жылдарында Қонысбайдың бағына Мүнирадай сұлу алдынан шықты. Оқуын бітіріп, Мүнирамен жұбы жарасып елге оралды. Қонысбайдай серінің есіл-дерті ойын-сауық ордасы, әсем Алматы болғанымен, ақылды да инабатты Мүнира Қонысбайдың өрекпіген көңілін сабасына түсіре білді. Сөйтіп екеуі інілерін қамқорлықтарына алып, ұзақ жылдар ауыл өмірінің дәмін татты…
Қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбиені бойына терең сіңіріп, оны өнер дәрежесіне дейін көтеріп, халқымыздың тамаша тіл байлығын қандастарына шығармашылықтың түрлі жанрында жалықпай тарата білген Қонысбай халқымның қадірі арта түссе, өнерлі жандар қатары азаймаса, сондай өнерпаздардың бойындағы ұлттық бояуға суарылған шығармашылығымен қазақтың өзіне тән төл мінезі өркен жая берсе деуші еді.
Айтулы ақынның арманын оның ізбасарлары жалғастыра береді деген сенімдеміз.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның құрметті журналисі