Игіліктің ерте-кеші болмайды. Наурыз айының аяғынан бері бір айға жуық су тасқынымен арпалысқан өңірлерге әлі де гуманитарлық көмек келіп жатыр.
Алматы қаласындағы бір топ торғайлық азамат ортаға қаржы жинап, су тасқынынан зардап шеккен Жанкелдин ауданына бір “КАМАЗ” гуманитарлық көмек жөнелтіпті.
Онда киіз үйлер, бес мың қолғап, бес мың қапшық, күннен қуат алатын шамдар, азық-түлік басқа да керек-жарақтар бар.
“Елді топан су жайлап жатқанда мына жақтағы жерлестер, қарап жата алмадық. Әркім қолдарынан келгенше қаражат жинап, туған жерге көмегіміз болсын деген ниетпен жүк жіберіп отырған жайымыз бар. Көлікті кеше Арқалықа аман-есен жеткіздік. Гуманитарлық көмек әрі қарай Торғайға аттанбақ. Аудан басшылығы Шеген, Ақшығанақ, Қарғалы, Түйемойнақ, Ақкөл, Ахаң атындағы ауыл тұрғындарына заттарды теңдей бөліп беретін болды. Осы бір қысылтаяң шақта Балмұрат Айғожин, Болатбек Әбіқаев бастаған алматылық бір топ азаматтарға алғысым шексіз. Осының бәріне ұйытқы болып, елдегі жағдайға алаңдаушылық білдірген Амандық Әмірхамзиннің еңбегі де ұшан-теңіз”, – дейді “МЖК” құрылыс компаниясының төрағасы Жантемір Хамзин.
Осыған дейін ел жанашыры Амандық Әмірхамзиннің өзі торғайлық азаматтардың жинаған қаржысына бір моторлы қайық сатып алып, оны аудан басшыларына табыстағанын айтқан едік.
Осындай ынтымақ пен бірлік жарастығының арқасында су апаты ағайынның еңсесін түсіре алмады.
Әлібек ЫБЫРАЙ