Бүгін еліміздегі жалпы білім беретін білім беру ұйымдары мен қосымша білім беретін мекемелерде Оқу –ағарту министрлігінің бастамасымен Ұлыстың ұлы күніне орай тұңғыш рет «Күй күмбірі» атты домбырашылар челленджі өтті.
Қазақ халқының төл өнерін қалың бұқараға насихаттап, ұлттық аспапта күй орындаудың ұжымдық түрлерін жетілдіру мақсатымен өткен республикалық ауқымды іс-шараға Амангелді ауданынан 400-ге жуық оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар қауымы да қатынасты.
Бес мың жылдан астам уақыт аталып келе жатқан көктемнің, табиғат жаңаруының халықтық мерекесі қарсаңында өткен челленджде «Балбырауын», «Сарыарқа», «Келіншек» күйлері орындалып, асқақтаған күй күмбірі Батпаққара төсін әсем сазға бөледі.
Амангелді ауданы ұлттық өнерді жас ұрпаққа насихаттау, жастар бойына дарытудың озық үлгісінен әр уақытта қол үзген емес. Оқушылар, ұстаздар және ата-аналар қауымы осылайша шығармашылық қабілетін көрсетуге зор мүмкіндік алды.