Жанкелдин ауданында тасқын судан қатты зардап шеккен ауылдардың бірі – Тәуіш. Ауыл үстінен өтетін Арқалық-Торғай тас жолын су бұзып кеткендіктен бір-біріне қоңсы қонған Тәуіш пен Жаркөлдің арасына қатынау мұңға айналған.
Сырттан жеткізілген гуманитарлық көмектер қайықпен, тікұшақпен тасымалданып жатыр. Тасқынның қаттылығы сондай, мұнда Қарағанды қаласынан әскерилер келіп бірнеше күн «тілсіз жаумен» күресуге көмектесті.
“Бізді 26 наурыз күні төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Торғай өңіріне су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуге жіберді. Осы күнге дейін Қызбел, Аралбай, Көкалат ауылдарында жұмыс істеп, қаншама мал, үйлерді, халықты аман алып қалуға тырыстық. Бір техника, бір қайығымыз бар. Әскери бөлімдегі 25 жауынгер төтенше жағдай аяқталғанша осында боламыз, – дейді №52859 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары Медет Саққұлақов.
Тәуіште отыздан астам үй белуардан суға малшынған. Олардың басым бөлігі тұруға жарамайды. Үйлері су ортасында қалған тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Кейбіріне киіз үйлер берілді. Бірер отбасы туған-туыстарын уақытша паналап отыр. Ал Руслан есімді азамат үйін тастап, ешқайда кетпеуді ұйғарыпты. Мемлекеттен көмек те сұрамаған.
«Бізден қатты зардап шегіп жатқандар бар. Кейбіреуінің тұрмысы төмен. Солар алсын», – дейді үй иесі.
22 наурыздан бастап еріген қардың суын қанша жырса да, ауылға қарай қарай құя берді.
“Жағдайымыз осы. Үйдің сырты тасқын су басталғанда құлады. Төрт күннен кейін қалған бөлігі опырылып қалды. Келген комиссия: “мұнда тұрмаңыздар!” дейді. Қайда барамыз, енді? Әзірге екі бөлмесінде тұрып жатырмыз”, – дейді ауыл тұрғыны Гүлжанат Әбдікова.
Тәуіш ауылының шетіндегі үйлердің бәрі тұруға жарамсыз. Оларға мемлекет тарапынан қажетті көмектер берілді. Қалған шығындары есептеліп жатыр.
“Басында қар суы ерігінде үйімізге шамалы су кірген. Екінші толқыны келіп қора-қопсыны, үйді белшесінен батырды. Су кілкіп тұр. Абырой болғанда, мал біткенді шығарып жібердік. Сарайымыз құлап қалды. Мемлекет тасқыннан зардап шеккендерге уақытылы көмегін беріп жатыр. Аудан басшылары күнде осында халықпен кездесіп, бар мәселені ақылдасып, кеңесіп шешіп отыр. Үй салып береміз деп отыр”, – дейді Тәуіш ауылының тұрғыны Азамат Әбдібеков,
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, қазір шыққан шығындарды өтеу үшін арнайы бағалау комиссиялары құрылған. Мемлекет, суға кеткен мал-мүлікке қаражат төлейді. Баспанасыз қалғандарға үй салып беретін болды.
“Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 100 АЕК көлемінде біржолғы төлем жасап болдық. Қаражат бар. Қазір шығындарды есептеткізіп жатырмыз. Әрине, келген шығын орасан. Өйткені, қар суы өткесін, іле тасқын су келді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болып көрген емес. Шынында да абдырап қалдық. Бірақ, халықтың бірлігі мен ұйымшылдығы арқасында бұл қиындықты да еңсеріп жатырмыз. Тәуіш ауылында 33 үйге су кірді. Соның 22-сі тұруға жарамсыз. Ел ешқайда көшпейміз деп отыр. Сондықтан, халыққа үй салып береміз. Жалпы, аудан бойынша 68 үй тұруға келмейді”, – дейді Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.
Тәуіштегі жағдай ұдайы бақылауда. Жергілікті атқаушы билік тасқын басталғалы бері осында жүр. Кеше облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов те келіп, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Қоғамдық штаб жетекшілері де тұрғындармен жүздесті.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Жанкелдин ауданы