“АлСардың” алар асуы алда

“АлСардың” алар асуы алда

Қазақстанда теңдесі жоқ жиһаз өнеркәсібі Қостанайда салынады.

Жыл сайын өңірде мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып немесе грант ұтып кәсіп ашып, бастаған шаруасын кеңейтушілер қатары артып келеді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба іске асырылуда.

Былтыр Қостанай облысында Ұлттық жоба шеңберінде 36,1 млрд теңгеге несие жолымен 942 жоба қаржыландырылған. Ал 17,1 млрд теңгеге несие рәсімдеп 795 жобасына кепілдік алған кәсіпкерлер бар.

Мемлекеттік бағдарлама игілігін көріп отырған кәсіпкердің бірі – Ибраев Асхат Жомартұлы. Ол ең алғаш кәсібін 2016-2017 жылдары бастаған. Жеке шағын кәсіпкерліктен бастап, компания дәрежесіне дейін көтерілді. Жұмыс бағыты мектептер мен өзге де мекемелерге арнап жиһаз өнімін жасау.

            – Қай кәсіп болмасын ең алғашында шамалы айналымнан бастайды. Мен де сондай кезеңдерден өтіп, жұмыс ауқымын кеңейткендердің бірімін. Кез келген мекемені корпустық жиһазбен жабдықтаймыз. Жыл сайын облыс бойынша кем дегенде 3-4 мектеп жаңадан салынады. Құрылыс компаниясымен келісім-шартқа отырып, сол мектепті оқушылардың отыратын парталарынан бастап өзге де жиһаздармен қамтамасыз етеміз. Отандық кәсіпкерлер бұл іспен айналыспаған кезде, ол жиһаздардың барлығы Қытайдан немесе басқа елдерден әкелінетін. Ал қазір отандық өнім қолданылып жатыр, – дейді “АлСар” компаниясының басшысы Асхат Ибраев.

Асхат Ибраев кәсібін кеңейту үшін “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы арқылы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорынан жылдық мөлшерлемесі 8 пайызбен 5 жылға 165 млн теңге несие алды. Қаржыға Қазақстанда баламасы жоқ жиһаз жасау және сату кешенін салмақ.

            – Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мол. Осы уақытқа дейін кәсіп кеңейту мақсатында 30 млн теңге бір алғаным бар. Енді биыл 165 млн теңге тағы алып отырмын. Ол қаржының үстіне өзіміздің ақшадан қосамыз. Өйткені, бір нысанды толық аяқтау үшін 300 млн теңгедей қаржы кетеді. Жалпы 2000 шаршы метр болатын 5 нысан салғалы отырмыз. Оған арнайы 2 гектар жер сатып алынды. Біреуінің құрылысын бастап кеттік. Жылына бір нысаннан аяқтап отырамыз. Асханасын және қызметкерлерге  жайлы орын жасап қоямыз. Әр нысанның атқаратын қызметі болады. Мысалы, біреуінде темір өнделсе, екіншісінде жиһаз жасайтын ағаштар әзірленеді. Үшіншісінде тігін өнеркәсібі жүргізіледі. Қаз-қатар тұрғызылған цехтар арасында ішкі өткелдер болады. Яғни, қандай да бір жиһаз жасалғанда темір цехынан ағаш цехына, сосын матадан қаптамаларын жасау үшін тігін цехына өтіп қоймаға жеткізіледі. Қасында үлкен сауда орталығы болады, сол жақтан дайын өнімді сатылымға шығарамыз, –деп нақтылады Асхат Ибраев.

Бүгінде жиһаз цехында 30-ға тарта адам жұмыс істеп жатыр. Алғашқы цехты 2023 жылдың тамыз айында ашуды жоспарлап отыр. Егер 5 нысан бой көтеріп кәсіп алға басар болса, әр нысанда 50-60 адамнан істеп, жұмысты өндіретін болады.

Кәсіпкер алдағы уақытта ағаш өңдейтін жаңа станоктар мен қажет құрал-жабдықтардың санын арттырмақ. Мемлекеттен ондай дүниелерді лизингке алуға болатынын айтады.

            – Қазіргі цехымыздың көлемі 200 шаршы метр. Ауқымды жұмыстарды атқарып отырмыз. Жыл сайын сұраныс артып келеді. Жиһаздардың бірнеше түрі жасалады. Қарапайымнан бастап тұтынушы талғамына, сұранысына аса мән береміз. Ал ондай дүниелер жасау үшін станоктарыңыз жақсы болуы керек. Қазір шүкір қолда бар жабдықтармен істеп жатырмыз. Жаңа станоктар алудың жолын қарастырып көрдік. Мемлекет лизингке береді екен. Олар арзан тұрмайды өйткені, біреуінің өзі 30-35 млн теңгеден асып жығылады. Бұрын тек ауыл шаруашылық техникаларын лизингке алуға болатын, қазір осындай заттарды алуға болады. Ол біз үшін өте тиімді болып отыр, – дейді кәсіпкер.

Аталмыш компания мекемені жиһазбен ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, материалдық-техникалық базасында өздері апарып орнатады. Олар осы уақытқа дейін Қостанай Назарбаев зияткерлік мектебінің барлық жабдығын қамтамасыз етіп берген. Сондай-ақ, қаладағы №28 мектеп-гимназиясын, “Әуежай” шағын ауданындағы мектептің жиһаздары “АлСар” компаниясынан шығарылған.

            – Құрылыс компанияларымен келісім-шартқа отырамыз. Жабдықтар жобалық-құндыққұжаттаманың техникалық сипаттамасында және материалдық–техникалық базасында көрсетіледі.  Яғни, олар мектепті толық аяқтап болған соң, біздің компания жиһазбен жабдықтау жұмыстарына кіріседі. Мектепке қажетті компьютер, интерактивті тақта, барлығын қоямыз. Жанкелдин ауданына қарасты Ахмет Байтұрсынұлы ауылында фельдшерлік-амбулаториялық пункт салынды. Сол мекеменің жиһаздарынан бастап дәрігерге қажетті жабдықтардың бәрін біздің компания орнатты. “Береке” шағын ауданындағы салынып жатқан мектептің ішін біз жабдықтаймыз. Жиһаздарымызға 1 жыл кепілдік береміз. Жыл ішінде сынып қалса жаңасына ауыстырамыз. Біздің мамандар орындықтар не себепті бүлінді, қандай кемшін тұсы бар, соны анықтайды. Сапасын одан әрі жақсартуға жұмыс істейді. Мысалы, 900 орындық мектепті жиһазбен жабдықтау үшін шамамен партасы мен орындығы, шкафтарына 1500-1800 арнайы ағаш қажет, – дейді Асхат Ибраев.

Компания ҚР аумағындағы айналымға арналған “СТ-KZ” сертификатын иеленген. Ол сертификат отандық өнім жасаушыларға ғана беріледі. Жыл  сайын жаңартып отыру керек. Аталған құжат болмаса кейбір тендерлерге қатысу мүмкін емес.

Кәсіпкердің мемлекеттік сатып алу заңнамасының кейбір талаптарына көңілі толмайды. Айтуынша, жиһаз жасауға бағытталған бірқатар тендерлерге кәсіпкерлердің бәрі бірдей қатыса алмайды. Енгізілген түзету бойынша тек мүгедектер қауымдастығы жеңе алады.

            – Мемлекеттік сатып алу сайты біз тәрізді қарапайым кәсіпкерлерге тосқауыл қояды. Яғни, тек мүгедектер қауымдастығы ғана ол тендерді ала алады. Сонымен қатар құрылыс қай облыста жүріп жатса, сол өңірдің кәсіпкерлеріне басымдық берілсе екен, – дейді Асхат Ибраев.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу