Танымал сервис су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары мейлінше жеңілдік жасап отыр. Енді Қазақстан аумағында бар болғаны 1 теңгеге жүк тасымалына тапсырыс беруге болады. Бұдан бөлек, inDrive үй-жай, мал-мүлкінен айырылған тұрғындарды қолдауға 50 мың доллар бөледі.
9-15 сәуір аралығында табиғи апат аймақтарындағы қазақстандықтар үшін арнайы тариф іске қосылды. Барлық өңірдегі тасқыннан жапа шеккен тұрғындар жүк немесе жеке заттарын тасымалдау үшін 1 теңгеге тапсырыс бере алады. Ол үшін inDrive қолданбасының ішіндегі «Жүк тасымалы» бөлімінде «Қабылдау және тағайындау» пунктін, «Шанақ түрі» бөлімінде «Көмек қажет» тармағын таңдап, баға бөлімінде «1 теңге» деп белгілеу керек.
Тариф су басу аймағында орналасқан 60 елді мекеннің тұрғындарына қолжетімді. Олардың ішінде Ақтөбе, Қостанай, Орал, Атырау, Құлсары және өзге де қалалар бар. Тапсырысты Қазақстан бойынша кез келген жүк көлігінің көмегімен жеткізе беруге болады. Қайырымдылық шарасы 15 сәуірге дейін жалғасады. Компания бұл қызметті әрі қарай ұзарту мүмкіндігі бар екенін де айтып отыр. Ұсынысты шексіз пайдалануға, атап айтқанда, әр отбасыға немесе адам басына ешқандай шектеу жоқ.
«Апат болғанға дейін де біз бірқатар қайырымдылық ұйымдармен бірлесіп, гуманитарлық көмек жіберу үшін тегін жүк тасымалдау қызметін көрсетіп келдік. Бірақ осы жолы апаттың ауқымын ескере отырып, зардап шеккен өңірлердің барлық тұрғынына қолдау көрсетуді ұйғардық. Қазір елде болып жатқан қиын ахуалға шын жүректен ортақтасып, бірлескен күш-жігердің арқасында жағдайды тұрақтандыруға және зардап шеккен аймақтарды қайта ретке келтіруге болатынына сенеміз», — дейді inDrive.Жүк тасымалы қызметінің басшысы Артем Селян.
Сонымен қатар inDrive төтенше жағдай енгізілген сегіз ірі қалада – Ақтөбе, Атырау, Орал, Қостанай, Арқалық, Көкшетау, Теміртау және Петропавлда белсенді жүргізушілер шығындарды азайтуы және халыққа қала ішінде қолжетімді саяхаттар ұйымдастыруы үшін қызмет көрсету комиссиясын жабуға бонустар береді. Мұның сыртында, компания қайырымдылық мақсатымен 50 мың доллар бөлгелі отыр. Бұл қаржы шалғай аймақтарға гуманитарлық көмек жөнелтуге жұмсалады.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ